Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Есірткі мен қаруды табуға көмектесіп жатады": Ұлттық ұлан ең үздік 5 қызметтік итті таныстырды

Опубликовано:

Джек
Джек. Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Ұлттық ұлан құқық тәртібі әскерінің топ-5 үздік қызметтік итін таныстырды. Қызметтік иттер қылмыскерлерді, тәртіп бұзушыларды ұстауға, есірткі мен қаруды табуға көмектесіп жатады. Тіпті, жоғалған азаматтарды табуға көмектеседі, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери қызметтегі үздік иттің бірі - Джек

Ұлттық ұланның мәліметінше, 6697 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонында есірткі іздеуге арналған Джек атты қызметтік ит бар. Ол 12 жаста. Қызмет "өтілі" - алты жыл. Джек қоғамдық тәртіпті сақтау және ішкі істер органдарына көмек көрсету бойынша жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Мысалы, "Қарасора-2021" жедел алдын алу іс-шарасы барысында Джек ішкі істер органдарына жалпы салмағы 76 гр болатын, ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес затты қалтасына жасырған азаматты анықтап берген. Ұсталған азамат Қостанай полиция басқармасына жеткізілген.

Сондай-ақ жеке үйді тінту кезінде Джек жылыту пешінің қасына келіп отырған. Пешті тексеру кезінде есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жалпы салмағы 460 граммды құрайтын есірткіні тапқан.

Бұл Джектің осы күнге дейін "атқарған қызметінің" бірнеше мысалы ғана. Айта кетейік, Джекті күшік кезінен асырып, қызметке үйреткен адам - мамандар тобының аға маманы (нұсқаушысы), аға сержант Сергей Абросимов. Олар алты жылдан бері бірге жұмыс істейді.

Арес
Арес. Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Әскери қызметтегі келесі ит - Арес

Арес - Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің патрульдік-іздестіру иті. Ол тоғыз жаста. Нұсқаушы сержант Ильсур Хайруллиннің айтуынша, Арес қызмет барысында үнемі жоғары нәтижелер көрсетеді.

Мәселен, бір күні теміржол вокзалында Арес қимылымен күдікті азаматты көрсеткен. Мән-жайды анықтау үшін әлгі азаматты полиция бөлмесіне жеткізгенде оның сөмкесінен есірткі салынған үш целлофан пакет табылған. Құқық бұзушы жергілікті желілік полиция бөліміне тапсырылған.

Сондай-ақ 2021 жылғы 10 мамырда Лермонтов көшесінде қызмет барысында Арес тағы бір күдіктінің қасына келіп, сол адамды нұсқаған. Аталған азаматты тексеру барысында күртешесінің оң қалтасынан сұр-жасыл түсті зат салынған түйіншек табылған.

Ұлттық ұлан Аресті жауынгерлік машинамен салыстыруға болатынын атап өтті.

Зара
Зара. Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Келесі үздік ит - Зара

Зара - Тараздағы 5513 әскери бөлімінің жарылғыш заттарды іздестіру иті. Нұсқаушысы сержант - Досан Аймаханов.

Биыл 20 қаңтарда Жалпақтөбе кентінде 6506 әскери бөлімінің "Б" тобы қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарып жүрген кезде Зара қырағылық танытқан. Ол құрылысы аяқталмаған бір қабатты ғимаратты қарау кезінде орындықтың жанына келіп қыңсылаған. Сол жерден төрт граната табылған.

Екі күннен кейін қызметтік иттің арқасында Құмшағал кентінен қолмен басқарылатын оқтаулы "РГ-6" үлгісіндегі алты гранатомет табылған.

Зара әскери салада бес жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.

Немо
Немо. Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Әскери саладағы тағы бір үздік ит - Немо

5513 әскери бөлімінде Зарамен бірге оның Немо атты "әскери жолдасы" да қызмет етеді. Олардың жасы шамалас. Немо қылмыстық-түзету жүйесі мекемесін күзетеді.

Немо Айша бибі елді мекенінен төрт 5,45 мм калибрлі және үш 9 мм калибрлі патрондар, 5,45 калибрлі және 30 калибрлі оқ-дәрілер салынған пакетті табуға көмектескен.

Малыш
Малыш. Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Үздік қызмет етіп жүрген тағы бір қызметтік ит - Малыш

Малыш 4 жаста. Оның қызмет ете бастағанына көп бола қоймаған. 2021-2022 жылдар аралығында қоғамдық тәртіпті бақылау бойынша қызмет атқару кезінде өте жақсы нәтижелер көрсеткен.

Мәселен, бір күні әскери жасақ күдікті азаматты байқап, ер адамнан кідіруін сұрайды. Бірақ ол ұландықтардың айтқанына құлақ аспай, бірден қашқан. Патрульші-кинолог сержант Рахметов "Тоқта! Мен қызметтік итті қолданамын!" деп айқайлайды. Қашқын ескертуге жауап бермеген соң оны Малыш қуа жөнелген.

Қызметтік ит қашқынды қуып жетіп жерге құлатқан. Патрульшілер келгенше оны жібермей ұстап тұрған. Ұсталған азаматты тексеру барысында оның Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі бойынша іздестіріліп жатқаны анықталды.

Малыш бұдан бөлек бірнеше тәртіп бұзушыны құрықтауға көмектескен. Ол жылдам, батыл, адал әрі әріптестеріне көмектесуге үнемі дайын дейді Ұлттық ұландықтар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964741-ulttyq-ulan-en-uzdik-5-qyzmettik-itti-tanystyrdy-foto/

pixel