Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асхат Аймағамбетов БҒМ жанынан студенттік кеңес құрылғанын хабарлады

Опубликовано:

Колледж студенттері
Көрнекі фото: pexels.com

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің студенттерімен, Студенттік парламенттер мен Жастар ісі жөніндегі өкілдермен, ЖОО проректорларымен кездесті. Бұл туралы министр өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Аймағамбетовтің сөзінше, "еркін микрофон" форматында студенттер өз сұрақтарын ашық қойып, ойлары мен ұсыныстарын ортаға салған. Соның негізінде құрылымдылық бөлімдерге тиісті тапсырмалар берілген.

Осы ретте, министр негізгі бағыттарды қысқаша атап өтті:

  • "Студентке бағытталған оқыту – жоғары білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі. ЖОО басшылығы студенттердің бастамаларын қолдауы керек. Студенттер ұсынған қызықты жобаларды университеттер мүмкіндігіне қарай қолдауы қажет, әсіресе қаржылай қолдау.
  • Студенттік өзін-өзі басқару. Әрбір университетте студенттік парламенттер құрылуы керек. Мұндай ұйымдар студенттердің саяси және құқықтық мәдениетін дамытады. Бұл парламенттердің формализм үшін ғана жұмыс істемеуі маңызды. Студенттік парламенттің мүшелерін студенттердің өздері сайлауы керек. Ал сайланған өкілдерге мәселелерді шешу үшін белгілі бір мүмкіндіктер ұсынылуы қажет. Мысалы, олар бос гранттарды немесе Президенттік стипендияны және т.б. жұмысты келісе алар еді. Осы және басқа да мәселелерді Студенттік парламентпен келісіп қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
  • Волонтерлік. Қоғамдық маңызы бар іс-шарамен айналысатын белсенді студенттердің санын көбейту үшін әртүрлі ынталандыру тетіктері бар. Мысалы, енді 20 сағаттық волонтерлік қызмет үшін студенттерге ваучер түрінде несие беріледі. Сондай-ақ олар 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем ала алады. Егер студент 50 сағат жұмыс істесе, онда оған бес академиялық кредит (сағат) есептеліп, 50 000 теңге төленеді. Бірақ бұл ынталандыру шаралары екенін түсіну маңызды. Бүкіл әлемде волонтерлік ерікті негізінде жүзеге асырылады.
  • Дебат қозғалысы. Біз дебат қозғалысын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Олар факультеттерден бастап, ел ауқымына дейінгі барлық деңгейде жүргізілуі керек. Өзім де бұрынғы дебатшы студент ретінде қазіргі студенттерді дебат қозғалысына белсенді қатысуға шақырамын.
  • Студенттік спорт. Өкінішке қарай, әлі барлық университет студенттерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз еткен жоқ. Спорт залдары студенттерге қолжетімді болуы керек. Сонымен қатар студенттік спорт лигаларын да дамыту қажет.

Сондай-ақ біз әлеуметтік GPA енгізу, "Жайдарман" қозғалысын дамыту, Жастар ісі жөніндегі комитеттердің жұмысы, ректорлардың студенттермен тоқсан сайынғы кездесуі және т.б. мәселелерді талқыладық.

Қорытындылай келе, біз министрлік жанынан 70-тен астам студенттен тұратын студенттік кеңес құрғанымызды атап өткім келеді.

Әрі қарай да тоқсан сайын студенттермен кездесіп, айтылған ұсыныстар бойынша бірлесіп жұмыс істейміз", - деп жазды министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1965427-asxat-aimagambetov-bgm-zanynan-studenttik-kenes-qurylganyn-xabarlady/