Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаға лайық": Мектеп дәретханасы мен асханаларын тексеретін акция басталды

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pxhere.com

Мектеп дәретханалары мен асханаларына мониторинг жүргізу бойынша "Балаға лайық" республикалық акциясы басталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бастамашы болып отырған акция "Мектептің жақсаруына көмектес!" ұранымен өтіп жатыр. Іс-шараға мектеп оқушылары, еріктілер, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқа да кез келген ниет білдіруші қатыса алады.

Осындай краудсорсинг және мүдделі тұлғалардың ауқымды көлемін тарту арқылы жылы дәретханалары жоқ және балаларға санитарлық-гигиеналық жағдай жасалмаған білім беру ұйымдары анықталады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

"Мектептерді қаржыландырудың заңнамалық функциялары, олардың құрылысы мен қажетті жағдайларды, оның ішінде санитарлық жағдайды жасау мәселелері әкімдіктердің құзырында екенін атап өткен жөн. Бұған дейін министрлік мектеп дәретханалары мен мектеп мәзірін жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін бірқатар өңірдің әкімдіктеріне хат жолдаған болатын", - деді балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Оның айтуынша, мониторинг жазалау үшін емес, балаларға тиісті жағдай жасау ісіне мектептерді бірлесіп жұмылдыру үшін жүргізіледі. Мектеп әкімшіліктеріне құқықбұзушылықтарды жою үшін белгілі бір уақыт беріледі.

"Сонымен қатар мектеп асханаларында проблемасы бар санитарлық бөлмелер мен асханалардағы заңбұзушылықтар туралы хабарлаған адамдардың аты-жөні және олар туралы ақпарат жария етілмейтініне кепілдік беріледі. Мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар да мектеп асханаларындағы бағаның көтерілгенін, олардың мектеп мәзіріне қаншалықты көңілі толатыны, қай асханада фастфуд, газдалған сусын секілді зиянды тағамдар сатылатыны туралы хабарлай алады", - деді Элина Паули.

"Балаға лайық" акциясы бірнеше кезең бойынша өтеді. Бірінші кезең Check your school (Өз мектебіңді тексер) деп аталады.

Барлық мүдделі тұлға 8 700 699 04 46 нөміріндегі WhatsApp пен Telegram арнасына фото және видеоматериалдарды жолдай алады.

Материалды мектеп асханалары мен санитарлық орындарындағы өзекті проблемалар көрсетілетін журналистік сюжет ретінде де ұсынуға болады.

Арнайы құрылған жұмыс тобы келіп санитарлық бөлмелер мен асханаларға қойылатын талаптарға сәйкестігін бағалайды да, одан кейін фото мен видеоны заңбұзушылықтарды жою талабымен өңірлердегі білім басқармаларына жолдайды.

Көрсетілген олқылықтар жойылғаннан кейін әлеуметтік желідегі арнайы парақшада мектеп дәретханалары мен асханаларының "өзгеріске дейін және одан кейінгі" фотолары мен видеолары жарияланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967061-balaga-laiyq-mektep-daretxanasy-men-asxanalaryn-tekseretin-akciya-bastaldy/

pixel