"1 минут кешіккеннің 1 күндік жалақысы қиылуы мүмкін": Жапониядан оралған қазақ қызы күншығыс елінің ерекшелігі туралы айтты
Жарияланған күні:

Жадыра Сембай - 14 жасынан бастап Жапонияда білім алып, сол елдің озық үлгісін бойына сіңіріп өскен қазақ қызы. Өжет бойжеткен студент кезінен жат елде көлік саудасымен айналысып, кейін өз кәсібін кеңейтіп, компания ашып алған. Жақында ол күншығыс елінен Қазақстанға қоныс аударды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Youtube-тегі "Kerek kisi" бағдарламасына сұхбат берген Жадыра Моңғолияда туып-өскенін айтады. Ал жоғары сыныпты Қазақстанға көшіп келген ата-әжесінің қолында тұрып оқыған.
Кейін ата-анасы оны білімін жетілдіруге лайықты ел ретінде Жапонияға оқуға жіберген. Қазір ата-анасы да, інілері де Жапонияда тұрып жатыр.
"Негізі мені ата-анам Жапония емес, Америкаға жібермекші болды. Бірақ ол кезде мен 14 жаста болдым. Қорғансыз қыз үшін Америка қорқыныш ұялатты. Сол себептен ата-анам мені ең жайлы, мейірімді, тәрбиелі халық тұратын Жапонияға жіберді. Ол жақта жерде 100 доллар жатса да, ешкім алмайды", - дейді таңдауын түсіндірген Жадыра.
Осы орайда Жадыра өзі бірнеше жыл тұрып, ауасын жұтып, суын ішкен жапон мемлекетінің несімен ерекшеленетіні жайлы айта кетті.
"Мысалы, Қазақстанға келгенде мұнда кітап дүкендері өте аз екеніне таңғалдым. Қай жерден кітап сатып алатынымды білмедім. Ал Жапонияда метро, автобус аялдамаларында міндетті түрде кітап тұрады. Менің кіші інім 15 жаста, 10 жасында Жапонияға барды. Ол бір жылда 30 кітап оқиды. Оның достары 50-60 кітап оқиды.
Екіншіден, уақытты бағалай білу керек. Біз бір жерге барсақ, көбінесе кеш қалып жатамыз. Жапондықтар уақытты құрмет тұтады. Оларда әр екі минут сайын бір метро келеді. Минут-секундпен жүреміз. Егер жұмысқа бір минут кешігетін болсаңыз, сіздің бір күндік жалақыңызды алып қоюы мүмкін. Немесе сіз бір минут кешіккеніңіз үшін әріптестеріңіздің алдында қатты күнә істеп қойғандай күні бойы көңіліңіз түсіп тұрады. Әріптестеріңіз ұрыспайды, бірақ өз-өзіңізді жегідей жеп тұрасыз", - дейді ол.
Жадыра Жапонияда тек жүрмей, көлік және автобөлшектер саудасымен айналысатын компания ашқан. Оның да бір өзіндік себебі болған. Айтуынша, ата-анасын Жапонияға көшіріп алу үшін сол елдің заңы бойынша компания ашу керек болған.
"Қаншама жыл бұрын Әлихан Бөкейханов атамыз "Біз Жапониядан үйренейік, екінші Жапония болайық" деп аманат етіп айтып кеткен. Отбасымнан мен ғана жақсы білім алдым. Содан өзімнің екі інімнің де сондай жерде өмір сүргенін, болашақта мықты азамат болуын қаладым. Университеттің екінші курсында жүріп үлкен інімді Жапонияға алдырттым. Содан кейін кішкене інімді де сағына бастадым. Ол 8 жаста еді. Бір жыл құжаттарын жинап, қасыма алдым. Екі інім де жақсы білім алсын, үйренсін деген мақсат болды. Одан соң ата-анамды Жапонияға алып келуді ойластыра бастадым.
Менімен бірге университетте 54 жастағы ата оқыды. Ал менің ата-анам небәрі 50-де. Олар жас қой. Неге ол кісілерге жаңа нәрсе үйренбеске... Сөйтіп оларды Жапонияға әкелудің жолдарын қарастыра бастадым. Студенттік виза оларға берілмейді екен. Мен компания ашсам, оларды алып келе алатынымды білдім. Компания ашпастан бұрын бірінші курстан бастап Жапониядан Моңғолияға машина сатумен айналысып жүргенмін. Бес жылдан соң мен көлік сатумен, машина бөлшектерін сатумен, аукционмен айналысатын компания құрдым", - дейді Жадыра.
Жадыра жақында Қазақстанға қоныс аударған. Ол елде білім саласында жұмыс жасағысы келетінін айтады.
"Жапонияда оқып-үйренгенімді, Жапония білімін Қазақстанда қолданғым келеді. Қашанғы бір елдің экономикасының дамуына жұмыс істеймін, мысалы ол жақта компаниям бар, сол елге көп қаржы құйып жатырмын, суын ішіп, салығын төлеп жүрмін. Енді неге Қазақстанға келіп өз үлесімді қоспасқа? Қазақ тіліммен болсын, еңбегіммен болсын. Шетелдегі жандар міндетті түрде Қазақстанға келуіміз керек. Елімізді өзіміз көркейтпейінше, ешкім келіп жасап бермейді. Қазақтың жалғыз отаны бар, ол - Қазақстан", - дейді бойжеткен.
Сондай-ақ Жадыра болашақта қазақ жігітімен отбасы құруды көздейтінін айтады.
"Ата-әжемнің қолында өскендіктен, олар бізге кішкене кезімізден қазақ жігітіне тұрмысқа шығасыңдар, қазақ азаматы болуы керек деп үйретті", - дейді ол.
Жадыраның сөзінше, қазіргі таңда Жапонияда 180 қазақ бар. Оның 51-і студенттер.
Ол жаққа қазақстандықтардың жиі бармауын Жадыра жапон еліндегі қатаң тәртіп және заңмен байланыстырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968095-1-minut-kesikkennin-1-kundik-zalaqysy-qiyluy-mumkin-zaponiyadan-oralgan-qazaq-qyzy-kun-sygys-elinin-erekselikteri-turaly-aitty/