Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қателік сияқты көрінеді": Қаңтар оқиғасында қаза тапқан офицердің анасы ұлы туралы естелігін айтты

Опубликовано:

Жандос Жағалбаев отбасымен
Фото: Маржан Жағалбаеваның жеке мұрағаты

2022 жылдың басында болған қаңтар оқиғасы кезінде күштік құрылымдардың 19 қызметшісі мерт болды. Олардың қатарында ҰҚК Шекара қызметінің аға офицері, капитан Жандос Жағалбаев та бар. Отан алдындағы борышын адал атқарып, небәрі 27 жасында қыршын кеткен офицердің анасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, баласы туралы естелігін айтты.

Осыдан төрт ай бұрын өрімдей жас курсанттар Әділхан Жайық, Мейірхан Бітім, Дәулет Жұпарбековпен бірге полковник Андрей Кабдинов пен капитан Жандос Жағалбаев та оққа ұшқан еді.

ШҚО Үржар ауданы Бестерек ауылында тұратын Жандостың ата-анасы осы күндері ұлдарының басына құлпытас қойып, зиратын тұрғызуда. Қайғылы жағдайдан бері төрт ай өтсе де ана көңілі баласының қайтып келмейтініне әлі сенбейді.

"6 қаңтар күні Жандос қаза тапты. 40 күннен кейін, 16 ақпан күні келінім босанып, тұңғыш немерем, Жандостың кішкентайы дүниеге келді. Былтыр 7 қаңтарда келінге сақина тағып, сөз салған болатын. Биыл 7 қаңтар күні біз қаралы хабар естідік. Сол күні таңертең бізге телефонмен айтты. Сенбейсің, кеп қалатын сияқты, қалада жүрген сияқты болады. Немесе қателік сияқты көрінеді", - дейді көзіне жас алған ана.

Жандос Жағалбаев
Фото: Маржан Жағалбаеваның жеке мұрағаты

Жандос үйіне соңғы рет 6 қаңтар кешке 21:15-те хабарласыпты.

"Маған хабарласып, пәтерде жалғыз қалған келіншегі Ботагөзге алаңдап тұрғанын айтты. Одан кейін интернетте тараған ақпаратқа сенбеңіз, бізде бәрі жақсы деп сендірді. Маған Ботасын (келіншегін) тапсырды. Болып жатқан қиыншылықтарды сездіргісі келмеді. Ол кезде келінімнің аяғы ауыр, сегізінші айында еді", - деп еске алды сол ауыр күндерді ол.

Жандос Жағалбаев жұбайымен
Фото: Маржан Жағалбаеваның жеке мұрағаты

Анасының сөзінше, шекарашы атану - Жандостың бала күнгі арманы болған, ол өз жұмысын жақсы көрген.

"Өздеріңіз білетіндей, шекаралық аймақпыз, сондықтан біздің мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оқушыларды жыл сайын Мақаншыдағы шекара шебіне апарып, таныстыруды дәстүрге айналдырған.

Жандос 5-6 сынып оқып жүргенде мектепте шекарашы әскерилермен үлкен кездесу болды. Содан кейін мектепке салалық "Шекарашы" журналының тілшілері келді. Сол кезде түскен Жандостың фотосы да бар. Содан болар, ол мектепте оқып жүргенде әскери қызметші болсам деп ойлап жүрді.

Жандос Жағалбаев
Фото: Маржан Жағалбаеваның жеке мұрағаты

Жалпы, мен анасы ретінде оның тіс дәрігері болғанын қаладым. Бірақ өзі заң факультетін таңдады. Өзінің қалауы бойынша Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне түсті. Сол оқу орнында әскери кафедраны бітірді. Әскери қызметші, заңгер болу арманы болды", - дейді Жандостың анасы.

Жандос университет бітіргеннен кейін жастар бағдарламасымен біраз уақыт Үржарда әділет органында, мемлекеттік кірістер басқармасында істеген. Содан кейін өз бетімен құжаттарын жинап, әскери маман болсам деп, 7-8 айдай дайындалып, Алматы қаласындағы Шекара қызметі академиясына қызметке орналасқан.

2019 жылы аға лейтенант, 2021 жылы капитан шенін алған. Сол жылы аттестациядан өтіп, аға офицер атанған.

"Жұмысы өзіне ұнайтын. Жандос ой-өрісі кең, өте көп оқитын, білімді, жан-жақты болды. Әріптестері де Жандос туралы жоғары пікірде. Оны жұмысында "күншуақты бақбақ" деп атап кеткен. Өзі сап-сары жігіт еді, ұжымында жасы кіші болған соң елгезек, барлығына қол ұшын созып, көмектесіп жүретін", - дейді ата-анасы.

Маржан апай баласының күніне 2-3 рет телефон шалып тұратынын сағынған.

"Мысалы қазір алма ағашы мен сирень гүлдеп жатыр ғой. Жылда соны суретке түсіріп, жіберетінмін. Күнделікті екеуміз хабарласып тұратынбыз. Маған хабарласқан сайын ең соңғы айтатыны "Мама, сізді жақсы көрем" деген сөздер еді. Кішкентай күнінде бала болып үлкенге сөз қайтарып көрген емес, әкесі де оның жаман сөз айтқанын естімеген", - дейді Маржан апай.

Жағалбаевтар отбасы Жандостың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша әлі тергеу жалғасып жатқанын жеткізді.

Жандос Жағалбаев
Фото: Instagram/zhazirabegaly_tv

Айта кетейік, президент жарлығымен Жандос Жағалбаев пен Андрей Кабдинов қайтыс болғаннан кейін II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Қаза тапқан курсанттар III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968369-qatelik-siyaqty-korinedi-qantar-oqigasynda-qaza-tapqan-oficerdin-anasy-uly-turaly-esteligin-aitty/

pixel