"Періштені құтқару үшін келген": Үш жасар қызды құтқарып қалған азаматтың анасы көз жасына ерік берді (фото)

Опубликовано:

Үш жасар қызды құтқарған азаматтың ата-анасы сұхбат берді
Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасы. Фото: жеке мұрағаттан

Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйдің 8-қабаттағы терезесіне ілініп тұрған үш жасар қызды құтқарған азаматтың әрекеті көпшілікке ерекше әсер етті. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі төрт баланың әкесі Сәбит Шонтақбаевтың туыстарымен байланысып, желіде тараған видеоны қалай қабылдағанын және бүгінгі күннің батырына айналған ұлдары жайлы сұрап білді.

Үш жасар қызды құтқарып қалған 37 жастағы Сәбит Шонтақбаев Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққұм ауылының тумасы. Көп балалы отбасынан шыққан, егіздің сыңары. Екі ағасы, бір қарындасы бар. Әкесі бірінші топтағы мүгедек.

Бүгінгі күннің батырына айналған азаматтың жақындары желіде тараған видеоны қорқынышпен қараған.

Анасының сөзінше, ұлы Сәбит Қызылордадан астанаға 10 күн бұрын ғана жұмыс іздеп кеткен. Ақ жаулықты ана бүлдіршін мен ұлының Алланың құдіретімен аман қалғанына таңданып, көз жасына ерік бергенін де жасырмады.

"Болған оқиғаны телефоннан көрдік. Жүрегім аузыма тығылып, қорқынышпен қарадым. Енді бір жылап, бір қуанып отырмыз. Кішкентай баланың ата-анасына да қарау оңай болмаған шығар. Үйдің биіктігі сұмдық. Бәрінен бұрын кішкентай баланы аман-есен түсіріп алғанына қуандым. Алланың бір құдіреті шығар. Адам сенбестей оқиға. Кіп-кішкентай қыз бала 15 минут сегізінші қабатта салбырап тұрды.

Бұл оқиға баламның тағдырына жазылғандай. Қызылордадан Нұр-Сұлтанға періштенің өмірін құтқару үшін барғандай. Ел батасын беріп, қуанып жатыр. Ана үшін ерекше бақыт. Ұлым кішкентайынан айналасына көмектесіп жүретін. Ғабит деген сыңары бар. Қиындықтың бәрі артта қалып, баламның үйлі болғанына қуанып отырмын", - дейді Сәбиттің анасы Гүлбаршын Пірімбетова.

Үш жасар қызды құтқарған азаматтың ата-анасы сұхбат берді
Сәбит Шонтақбаев жұбайымен. Фото: жеке мұрағаттан

Сәбиттің ата-анасы ауылда, үлкен ағасының қолында тұрады. Ал өзінің келіншегі мен бала-шағасы Қызылордада жалдамалы пәтерде тұрады.

"Үш ұл, бір қызымыз бар. 14 жылдан бері пәтер жалдап жүрміз. Жолдасым он күн бұрын, 2 мамырда Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс іздеп кетті. Сәбитпен оқиға болардың алдында ғана телефонмен сөйлестім, жұмысқа шығып бара жатқанын айтты.

10-15 минуттан кейін өзі әлеуметтік желіде жүрген видеосын жіберді. Терезеде салбырап тұрған баланы құтқарып алғанын айтты. Видеоны көргенде сенер-сенбесімді білмей, шошып кеттім.

Бір деммен қарап шықтым. Жүрегім аузыма тығылды. Қаншама биіктікте екі адамның өмірі қыл үстінде тұрды", - дейді Сәбиттің келіншегі Айгерім Данкенова.

Сәбит Шонтақбаевтың Қызылордадағы жақындары кешегі қуанышты атап өтіп жатыр. Теміржол, шекара қызметіндегі әріптестері құттықтап келіп, анасының құшағын гүлге толтырған.

Айта кетейік, 11 мамырда елордада көп қабатты үйдегі пәтердің терезесінен құлауға шақ қалған үш жасар қыз баланы Сәбит Шонтақбаев есімді ер адамның құтқарып қалғанын жазған едік.

Кейін ол оқиғаның қалай болғанын өзі баяндап берді.

Сондай-ақ осы батыл әркеті үшін Сәбит Шонтақбаев "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапатталды.

Одан бөлек батыр азаматқа елордадан үш бөлмелі пәтер берілді.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Сәбит Шонтақбаевпен кездесіп, әкімдік оның жұмысқа тұруына, несиесін жабуға, сондай-ақ Қызылордадағы отбасын астанаға көшіріп әкелсе, жұбайының жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесетінін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968869-peristeni-qutqaru-usin-kelgen-us-zasar-qyzdy-qutqaryp-qalgan-azamattyn-anasy-koz-zasyna-erik-berdi-foto/