Халықаралық отбасы күні қарсаңында елордада 15 жұп заңды некеге тұрды
Жарияланған күні:

15 мамыр - Халықаралық отбасы күні. Осы айтулы күнге орай елордада бір уақытта 15 жұп заңды некеге тұрды. Жас жұбайларға неке туралы куәлік "Бәйтерек" монументінде салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ресми сайтында.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, жастардың көбі бұл мерекеден хабардар және көктемнің шуақты күндері некелерін заңдастыруға тырысады.
Биыл Отбасы күні қарсаңында неке тұруға өтініш берген 15 жұптың арасында оқытушылар, дәрігерлер, студенттер, кәсіпкерлер және басқа да кәсіп өкілдері бар.

Солардың бірі Сәния Қалау мен Александр Денисенко.
"Бұл күн ерекше есте қалады, өйткені біз өз қуанышымызды өзге де ғашықтармен бөлістік. Біз тек өзіміз үшін ғана емес, қасымызда тұрған жандар үшін де қуандық. Мұның бәрін арада көп жылдан кейін сондай бір жылы сезіммен еске алатын боламыз", - дейді Сәния.

Есіл аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Раушан Зарированың айтуынша, атаулы күндер некеге тұрғысы келетін қазақстандықтар арасында аса танымал.

"Бұл өмірде отбасыдан маңызды ешнәрсе жоқ. Салт-дәстүрлерімізді ұмытпауымыз керек. Қоғамда жастардың ажырасқанын қаламаймыз. Сондықтан отбасы институтын кеңінен насихаттауға тырысамыз. Қазіргі уақытта қалыңдық пен күйеу жігіттің орташа жасы – 28 жас. Оларға махаббаттарын күшейтіп, балалы-шағалы болуды ғана тілейміз", - дейді Раушан Зарирова.

Айта кетейік, Қазақстанда Отбасы күні 2013 жылдан бері аталып өтіп келеді.
Отбасы күніне орай елордада дәстүрлі түрде отбасы мәртебесін арттыруға және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969296-xalyqaralyq-otbasy-kuni-qarsanynda-elordada-15-zup-nekesin-qidy-foto/