Жамбыл облысында "Қымызмұрындық-2022" этно-фестивалі өтті
Жарияланған күні:

Жамбыл облысы Талас ауданында облыстық "Қымызмұрындық-2022" этно-фестивалі өтті. Қарт Қаратау бөктерінде ұйымдастырылған игі шараға 100-ге жуық ардагер шақыртылған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында келушілерді әжелер шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Барлық қонаққа осындай ілтипат көрсетілген.

Этно-фестивальге облыс аудандары мен Тараз қаласынан 100-ге жуық ардагер шақыртылған. Олар "Ауыз тию", "Биебайлар" рәсімдеріне қатысып, түрлі салт-дәстүрлер мен спорттық жарыстарды, қолөнер көрмелерді тамашалаған.

Сондай-ақ қариялар ақ батасын беріп, елдің тыныштығын, мал-жанның амандығын тіледі.

Жиналғандардың назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй тарту етілді. Одан бөлек, арнау айтылып, би биленіп, дәстүрлі ән-жыр шырқалған.

Жиналғандар құндылықтарды құрметтеп, дәстүрді дәріптеген ел азбайтындығын атап өтіп, қымызды – ұлттық брендке айналдыру, кең көлемде насихаттау, ол үшін елімізде "қымызмұрындықты" тойлауды жалпыхалықтық сипатқа айналдыру секілді ұтымды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969310-zambyl-oblysynda-qymyzmuryndyq-2022-etno-festivali-otti-foto/