Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетов әлеуметтік осал отбасы балаларын қамту мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Фото: primeminister.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түрлі топтағы оқушыларға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға, қиын өмірлік жағдайдағы отбасы балаларына қолдау көрсетуге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі министрдің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Аймағамбетов білім берудің маңызды аспектілерінің бірі инклюзивтілік екенін айтты

"Әртүрлі топтағы оқушыларға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға, қиын өмірлік жағдайдағы отбасы балаларына және т.б. қолдау көрсету біздің жұмысымыздың басым бағыты.

Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды инклюзия бойынша қамту үшін кешенді жұмыс жүргіземіз. Бұл жұмыс туралы бірнеше рет жаздым.

Осы жазбамда әлеуметтік осал отбасы балаларын қамту мәселесіне тоқталамын. Көптеген зерттеу дарынды оқушыларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Елімізде дарынды балаларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн.

Жоғары оқу орындарына іріктеу жүйесі, университет гранттарын бөлу, дарынды балаларға арналған арнайы мектептер, түрлі олимпиадалар, байқаулар өткізу және т.б.

Педагогтерді бағалау кезінде де үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс істегеніне емес, дәстүрлі түрде жетістікке жеткен оқушыларының нәтижесіне назар көбірек аударылады. Әрине оны әділ деп айтуға болады. Емтихан тапсырып, ең жоғары балл алған, яғни ең мықтысы жеңіске жетеді", - деді министр.

БҒМ басшысы ата-аналар дарынды балаларға арналған мектептерге түсу үшін репетитор көмегіне жүгініп жататынын да түртіп өтті.

"Әдетте әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасылардың мүмкіндіктері бірдей емес. Бұл меритократияның "қараңғы" тұсы. Теориялық жағынан іріктеу барлығына тең және әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуі керек, бірақ іріктеу жүйесі әлі де толықтыруды қажет ететінін көріп отырмыз. Сондай-ақ бұл жерде меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау маңызды", -деді Аймағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969939-aimagambetov-aleumettik-osal-otbasy-balalaryn-qamtu-maselesine-qatysty-malimdeme-zasady/

pixel