"Терезені тіреп тұрған": Елордада 3 жасар қызды құтқаруға қатысқан үшінші жігіт табылды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласында 8-қабаттан құлап кете жаздаған кішкентай қызды құтқаруға қатысқан үшінші жігіт анықталды. Бұл туралы Хабар арнасындағы "Айтылмаған әңгіме" бағдарламасында белгілі болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Елордалық бүлдіршінді құтқаруға ат салысқан тағы бір жігіттің есім - Нұрайдын Марат. Ол Қарағанды университетінің математика және ақпараттық технологиялар факультетінде 2-курста оқиды.
Сол күні Нұрайдын Сәбит және Сағимен бірге қызды қалай да аман алып қалу үшін барын салған. Бағдарлама жүргізушісінің сөзінше, студент жігіт Сәбит құлап кетпес үшін терезені қолымен тіреп тұрған.
Дәл сол күні ол сессияға асығып бара жатқан екен.
"Сол күні мен Қарағандыдағы оқуыма, сессияға асығып бара жаттым. Бұл оқиға күндізгі он жарым шамасында болды. Ол жерде бәріміздің ойымыз сол баланы құтқару еді. Сол күні таңертең үйге такси шақырып қойғанбыз. Бір кезде қыздың жылаған дауысы естілді, жан-жағымызға қарап, ілініп тұрған қызды көрдік. Ағам бірден сол жаққа жүгіріп кетті. Мен де ішке кірдім. Ең алғаш біз сегізінші қабатқа көтерілдік. Онда есікті бұзып жаткан кісілерді көрдік. Ол жақтағылар мені жетінші қабатқа жіберді. Астындағы пәтердің есігі ашық екен.
Балконға кіріп, терезеден қарадым, бала тұр екен. Сыртта тұрған кісілер маған терезені бұз деді. Тептім, ұрдым, сынбады. Сол уақытта Сәбит пен Сағи кіріп келді. Сәбит деген кісі терезені 4-5 рет тепті. Артынша ойланбастан терезеге шықты. Біз Сағи деген кісі екеуіміз сол жерде оның аяғынан ұстап, көмек бердік. Ол кісі баланы ерлікпен құтқарып алды, баланы көрші әйелге қалдырдық та, бірден сыртқа шығып кеттік", - деп баяндады болған жайтты Нұрайдын.
Нұрайдының оқиға орнында болғанын Сағидың өзі де видеосында растаған. Сағи іште терезені бір кісі ұстап тұрғанын айтқан екен.
Осы ретте бағдарлама жүргізушісі Батыржан Ибрагим студент жігітті ел біліп жүрсін деп, өзі өтініп видеоға түсіргенін алға тартады.
"Қарапайым жігіт. Студент. Өзім түсемін деген жоқ. Өзім түсірейін дедім. Осындай жігіттерді ел танысын дедім. Ата-анасы да қуанып жүрсін. Жарайсың, Нұрайдын! Бұл жігітке медаль, ешнәрсе керек емес! Ерекше құрметтің де керегі жоқ! Тек ел білсін деп көрсеттім", - дейді ол.
Еске салсақ, 11 мамыр күні елордадағы Қамал тұрғын үй кешенінің 8-қабатында салбырап тұрған кішкентай қызды астанаға жұмыс істеуге келген қызылордалық жігіттер құтқарып қалған болатын. Олардың ерлігі еленіп, пәтер беріліп, сондай-ақ Сәбит пен Сағи "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапатталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970232-terezeni-tirep-turgan-elordada-3-zasar-qyzdy-qutqaruga-qatysqan-usinsi-zigit-tabyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.