Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сарқанда денесі қоқыстан табылған бүлдіршіннің анасы мен оның ағасы екі айға қамауға алынды

Опубликовано:

Күдікті
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы облысы Сарқан ауданында қоқыстан табылған бес жасар қыз баланы өзінің анасы мен әйелдің ағасы бірлесіп өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл туралы аудандық сот Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Соттың мәліметінше, бүлдіршіннің анасы мен оның ағасы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы жас баланы өлтіру) қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

Бұл оқиға биыл 8 ақпан күні болған. Күдікті М. өзінің ағасы А. М-мен бірге таксимен қызын алып келе жатып, жолдан түсіп қалған. Сол кезде ағасына туғанынан аурушаң және есепте тұрған баласына қарай алмайтынын, көргісі келмейтінін айтып, оны өлтіру туралы ұсыныс жасаған. Ал ағасы келіспеген жағдайда өзіне-өзі қол жұмсайтынын айтқан.

"Ағасы қарындасының сөзіне келісіп, баланы өлтіруге алдын ала сөз байласқан. Жас баланы өлтіруге бағытталған ойын іске асыру үшін қала сыртында орналасқан, бұрынғы зауыт маңындағы қоқыс төгетін жердің еңісіне қарай түсіп, дәрменсіз баланы жерге жатқызып қылқындырып өлтірген.

Баланың бақилық болғанына көз жеткізіп, мәйітті жасырып, төбешіктің үстінде сырттай бақылап тұрған қарындасын алып, оқиға орнынан бой тасалағандары анықталды", - делінген соттың хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратынша, Сарқан аудандық сотында күдіктілерге қатысты бұлтарпау шарасын анықтау туралы іс қаралған. Сотқа дейінгі тергеу органы бұлтартпау шарасы ретінде "күзетпен ұстауды" санкциялауды сұраған.

Ал күдіктілер қылмысын мойындап, "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдауды сұраған.

Нәтижесінде судья күдіктілерді 2 ай мерзімге күзетпен ұстауға санкция берген.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы Сарқан ауданында бес жасар баланың денесі қоқыстан табылғаны хабарланған еді.

Кейінірек, полиция баланың анасы анықталғанын, оның 19 жастағы Сарқан тұрғыны екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970672-sarqanda-denesi-qoqystan-tabylgan-buldirsinnin-anasy-men-onyn-agasy-eki-aiga-qamauga-alyndy/

pixel