Алматыда екіжылдық пандемиядан кейінгі соңғы қоңырау қалай өтті
Жарияланған күні:
Алматы мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл екіжылдық пандемиядан кейінгі дәстүрлі форматта өткен алғашқы соңғы қоңырау, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ауа райының бұлтты болып тұрғанына қарамастан, №79 гимназияның 1, 9 және 11-сынып оқушылары өз алтын ұясына жиналды. Мұнда жоғары сынып оқушылары сүйікті мектебімен қоштасып жатыр. Жақында мектеп түлектері сабақ оқу үшін емес, ҰБТ тапсыру үшін партаға қайта отырады.
Гимназия директоры Раиса Андреевна Цайдың сөзінше, кейбір оқушылар шет елден білім алу үшін отанынан жырақ кетуі мүмкін. Бірақ олар ел үшін еңбек етуге қайта оралады.
Директордың айтуынша, биыл төрт адам үздік аттестатқа бітірген. "Алтын белгіге" бір үміткер бар. Ал ҰБТ-ға 58 оқушының 38-і қатысады, қалғаны шет мемлекетте білім алуды көздеп отыр.
Жалпы бүгін Алматының 295 мектебінде мерекелік іс-шара өтті.
Биыл шаһарда мектепті 12 355 түлек бітірсе, оның ішінде "Алтын белгіге" 613 бала, ал үздік аттестатқа 973 оқушы үміткер болып отыр.
9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихан 28 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді.
Биылдан бастап түлектерге ҰБТ тапсырып, грант иеленеуге екі рет мүмкіндік беріледі. Екі мүмкіндікте де мамандандырылған пәндердің бір комбинациясын таңдау қажет.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеде аяқталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970938-almatyda-eki-zyl-pandemiyadan-keiin-songy-qonyrau-qalai-otti-foto/