Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүрегім - қазақ": Ауылдағы қазақ мектебін бітірген орыс ұлтының өкілі ерекше тілек айтты

Опубликовано:

Балалар үйінен шыққан оқушы мектеп бітірді
Анастасия Азматуллина, мектеп түлегі. Фото: жеке мұрағат

Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының түлегі Анастасия Азматуллина алтыншы сыныпқа дейін балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін қазақ отбасының тәрбиесіне өткен ол бүгінде мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Анастасия қазақы тәрбиемен өсірген ата-анасы мен ұстаздарына тілек арнап, қазақ тілін дамытуға өз үлесін қосатынын айтты.

"Мінеки, мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам бастым. Осыдан біршама жыл бұрын алдағы өмірім бұлыңғыр, бағыт-бағдарсыз көрініп, жалғыз қалғандай күй кешетінмін. Бүгінде ата-анам, бауырларым мен ұстаздарымнан берілген қолдаудың нәтижесінде осындай дәрежеге жеттім. Болашаққа нық сеніммен аттанамын. Менен көмектерін аямай, кішкентайымнан ақылшы болып, өсірген, дұрыс жол сілтеп, қазақы тәрбие берген ата-анама, ұстаздарыма алғысым шексіз. Ендігі мақсатым - ұлтым өзге болса да бауырына басып, қанатының астына алған ата-анамның сенімін ақтап, қазақ тілінің өркендеуі үшін еңбек ету. Менің тілім - қазақ, менің жүрегім - қазақ", - дейді Анастасия Азматуллина.

Орыс ұлтының қызы қазақ отбасында тәрбиеленуде
Анастасия отбасымен бірге: Жеке мұрағат

Ал қамқоршы анасы қызының бір мамандық иесі атанып, елін сүйетін азамат болуын тілейді.

"Настямды 6-сынып оқып жүргенінде бауырыма бастым. 2017 жылдың ақпанынан бастап менің балам, отбасымның мүшесі. Оған дейін өзім Шұбарқұдық гимназиясында 15 жыл директорлық қызметте болдым. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың: "Бізде мектеп директорлары 15-20 жылдан отырады", - деген сөзін теледидардан жиі еститінмін. Тура маған айтылып жатқандай қабылдап, директорлықтан бас тарттым. Жолдасым екеуміз ақылдасып, "сауапты іс жасайық, бала тәрбилейік" деген шешімге келдік.

Өзіміздің үш баламыз есейіп, аяқтанып кетті. Алғадағы балалар үйінде Настямен таныстық. Ол сол кезде қазақша сөйлейтін. Қызым қазір өсті. Туғанымызға айналып кетті. Міне, мектеп бітірді. Енді бір мамандықты меңгеріп, елін сүйетін азамат болуын тілейміз. Өзі арнайы курс оқып, бизнес ашқысы келеді", - дейді Анастасияның қамқоршы анасы Дидар Алмағамбетова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971127-zuregim-qazaq-auyldagy-qazaq-mektebin-bitirgen-orys-ultynyn-okili-erekse-tilek-aitty/

pixel