Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалаңаяқ адамдарды әкеп, ататын": Жаңалық тұрғындары саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы тың деректерді бөлісті

Опубликовано:

Жаңалық ауылындағы мемориалдық кешен
Жаңалық ауылындағы мемориалдық кешен. Фото: Facebook/Талғар ауданы әкімдігі

Бүгін  - елімізде сталиндік билік тұсындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Алматыдан 37 шақырым жерде орналасқан Жаңалық ауылы сол қасіретті 1937 жылдың куәсі болған мекен. Жазықсыз атылғандардың сүйегі жатқан Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары сол бір азапты жылдар туралы естеліктерін бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жергілікті билік, ауыл мектебі мен тұрғындары Жаңалықтағы мемориал басында жыл сайын мал сойып, арнайы ас беруді әдетке айналдырған. Мемориал ауыл әкімшілігінің әрдайым назарында. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, бұл ескерткіштің айналасын таза ұстап, гүлдерін күтіп-баптау солардың мойнында.

Тарихшылардың деректері бойынша, сталиндік қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 22 мың адам атылған. Солардың 4 500-ден астамы Жаңалық ауылы маңындағы жерге көмілген. Олардың арасында Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды қазақ зиялыларының сүйектері жатыр.

Ауыл тұрғындары қуғын-сүргін жылдарына қатысты өздері ұзынқұлақтан естіген әңгімесін баяндап берді.

"Репрессия жылдары түрмеде атылғандардың мәйітін Жаңалық ауылының маңындағы арнайы қазылған орға тасыған жендет жанына 4-5 жастағы ойын баласын ертіп алып, оған аманат айтқан екен. "Кейін қазақтар өздерінің ұлыларын іздейтін болады. Бірақ мен ол уақытқа дейін тірі тұрмайтын шығармын. Сонда сен оларға ата-бабаларының осы жерге жерленгенін айтып, көрсет" депті. Сол бала ауылдағы ескерткіш ашылғанда жасы келген қария еді. Қазір ол кісінің бар-жоғын білмейміз", - дейді Жаңалық ауылының тұрғыны.

Жергілікті халық репрессия жылдарының құрбандарын құлағымен естіп қана қоймай, көпшілігі олардың сүйектерін өз көзімен көріп, қолдарымен ұстап та көрген. Солардың бірі - ауыл мектебінде 30 жылдан бері ұстаздық еткен Серік Жамбақиев.

Жаңалық ауылындағы мемориалдық кешен
Жаңалық ауылындағы мемориалдық кешен. Фото: Instagram/talgar_akimat

Жаңалық ауылындағы орта мектеп мұғалімі мемориал алғаш ашылған жылдары ауылдың ішінен табылған адам сүйектерін өз қолымен реттеп, табыттарға қалай салғанын есіне алды. Серік Жамбақиев мектептің сол кездегі шаруашылық меңгерушісімен бірге қапқа салынған адам сүйектерінен 26 адамның қаңқасын құрастырыпты. Айтуынша, бассүйектердегі оқтың ізіне қарап, олардың бәрін шүйде тұсынан атқаны белгілі болған. Тиген оқ маңдайды жарып шыққан.

"Қаптағы сүйектерді үш-төрт табытқа алты-алтыдан салдық. Біреуінің қол жілігі жоқ, аяғы жоқ деп түгендедік. Оларды арулап, жаназасын шығарып, ескерткіштің артына жерледік. Сол кезде байқағаным - бәрінің артынан атқан, басының қарақұс бөлігіне тиген оқ маңдайларын жарып шыққан", - дейді Серік Жамбақиев.

Аталған мектептің тарих пәні мұғалімі Нұргүл Исанованың жетекшілігімен оқушылар да ауылында орын алған тарихи оқиғаны зерттепті. Олар көршілес жатқан Әли ауылының сол кездің куәсі болған көнекөз қарияларынан құнды естеліктер жазып алып қалған.

"1910 жылы туған кісілердің бәрі қазір марқұм. Әли ауылының тұрғындары Найманбаев пен Торсықовтың айтуына қарағанда, 1937 жылдың жазынан 1938 жылдың көктеміне дейін Алматы өзенінің оң жағалауында, көне "Диханбай" ауылының шығыс жағына күндіз әскер келіп, қолдарындағы күрек, сүймендерімен жер қазады екен.

Адамдар сұрағанда солдаттар: "Жұттан және аурулардан қырылған жылқылар үшін қазып жатырмыз деп, оған жақындау өте қауіпті екенін айтқан. Бірақ сол кездегі балалар барлық оқиғаны өз көзімен көріп, есте қалғандарын бүгінге жеткізді. Күн сайын  кешкісін солдаттар қазған орға атып тасталған адамдардың денесін әкеліп, лақтырып, бетін топырақпен жасырып, көміп тастаған. Машиналар екі-екіден, кей кездерде алтаудан да келетін. Кей кезде жалаңаяқ адамдарды әкеліп, шұңқыр шетіне тұрғызып ататын", - деп жазады оқушылар өздерінің зерттеу жұмысында.

1980 жылдан бері Жаңалық ауылында тұрып, ауласынан адам сүйектерін тапқан Көкенай Матжанов та осы оқиғаны ұмыттырмауға барын салып жүрген жан. Кезінде нақақтан сотталған қоғам қайраткерлерін ақтайтын "Әділет" тарихи-ағарту қоғамының басқарма мүшесі болған ол құзырлы орган қызметкерлерінің жазықсыздарды атқан жендетпен болған кездесуін айтып берді.

"Ұлттық қауіпсіздік қызметінің адамдары жазықсыздарды атуға тікелей қатысқан адамды тауып, анығын сұраған екен.  Олар кіріп келгенде ана байғұс ойбайлап жылап, тізерлеп жалыныпты. Жасы да келіп қалған болуы керек.

Олардың тиісуге келмегеніне көзі жеткен соң, ол бар шындықты айтыпты. "Бізге бұйрық беріледі, кешке, қараңғы түсе, адамдарды тірідей апарамыз. Басынан атқызады. Сосын қашып кетпесін деп тілерсектегі сіңірден қанжармен тіліп тастаймыз", - деп әңгімелеген", - деп еске алды Көкенай Матжанов.

Қайнар ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Саудабаевтың айтуынша, бұл маңай әлі толық зерттеліп бітпеген. Зейнеткер ауыл тұрғындарының ауласынан әлі күнге дейін адам сүйегі табылатынын жасырмады.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңалық ауылына су құбыры тартылды. Құбыр жүргізуге екі метр ұзын ор қазғанда ауылдың ішіндегі тоғыз шаршы метр жерден 42 адамның сүйегін таптық. Қазылса, көп жерден сүйек шығады. Кей жерлерге үй салынып кеткен", - дейді Тұрсынғали Саудабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971743-zalanayaq-adamdardy-akep-atatyn-zanalyq-turgyndary-sayasi-qugyn-surgin-qurbandary-zaily-derekterdi-bolisti/

pixel