Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі блогер қос қолы жоқ тараздық тігіншіге дүкен ашуға көмектесетін жомарт жандарды іздеуде

Опубликовано:

Анар Бексұлтанова
Анар Бексұлтанова, кәсіпкер. Фото: Instagram/anar_beksultan

Тараздық белсенді блогер желідегі жомарт жандардан туғанынан қос қолы жоқ болса да, аяғымен іс тігіп, табыс тауып отырған кәсіпкер Анар Бексұлтановаға дүкен ашуға көмек беруге шақырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Анар Бексұлтанова аяғымен ине сабақтап, көрпе тігіп, қыз жасауын дайындап, іскерлігімен көпке танылған жан. Оның қолөнер туындылары көздің жауын алады. Анардың қазақы нақышта тіккен көрпелері талай қызға жасау болып жөнелтілген.

Тараздық кәсіпкердің ендігі арманы жеке дүкенін ашу. Бұл туралы оның жерлесі, белсенді блогер Мөлдір Анарбаева Instagram-да жазды.

"Анар екі қолсыз дүниеге келсе де, тірі адамның тіршілігін жасап жүр. Аяғымен іс тігіп, талай қыздың жасауын жөнелтті, қайырымдылықпен айналысады. Иығын тік ұстап, жоғары деңгейде әңгіме айтады.

Ал біздің арамызда әлі күнге дейін сау басына жұмыс таппай жүргендер қаншама!", - дейді блогер.

Мөлдір Анарбаеваның сөзінше, Анарға өз арманындағы дүкенді ашуға қаражат жеткіліксіз. Осы ретте ол жетпей тұрған қаражатты беруге ниетті жомарт жандарды іздейтінін айтты.

"Ойыма ой қосатын жақсы адамымның соңғы кезде армандап жүрген ойы жүзеге асса ғой. Шіркін, талпынысы жоғары, іскерлігі бар осы азаматшаның алғысы келіп жүрген дүкеніне жетпей тұрған тиынын қосып жіберетін жомарт табылса екен. Анардың арманын, басқан қадамын қолдап жіберетін жомарт табылса, тілеуін күнде тілеп, кәсібі болса дөңгелеуіне тегін қол созуға мен де дайынмын", - дейді блогер.

Айта кетейік, Анар Бексұлтанова - екі қыздың анасы. Аяғымен тігін тігіп, шағын кәсібін дөңгелетіп отырған тігінші бірнеше адамның табыс табуына мүмкіндік жасап келеді. Оның бұл әрекеті – көпке үлгі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972484-armany-zuzege-assa-goi-belgili-bloger-qos-qoly-zoq-tarazdyq-tiginsige-duken-asuga-komektesetin-zomart-zandardy-izdeude/

pixel