Алматы тұрғындары референдумға қатысуда: Бақылаушылар не байқады (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін Алматы тұрғындары Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумға белсенді қатысуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл 1995 жылдан бері елімізде өтіп жатқан үшінші референдум.
Учаскелер таңғы 7.00-ден ашық. Ал бақылаушылар таңғы сағат 6.00-ден өз жұмысына кіріскен.
Әуезов ауданына қарасты 142 учаскелік референдум комиссиясының төрағасының айтуынша, референдумға отбасы мүшелерімен бірге, жасы мен кәрісі қалыспай қатысуда.
“Бұл учаскеде барлығы 1203 адам дауыс беру үшін тіркелген. Таңғы алтыдан бастап кешкі сегізге дейін қатысушылар толық келіп, өз даусын береді деп ойлаймын. Таңғы жетіде бірінші болып референдумға келген дауыс берушілерімізге сыйлық бердік”, - дейді комиссия төрағасы Разия Қасымбекова.
Учаскедегі дауыс беру процесін бақылаушылар қатарында “Азаматтық пікір орталығы”, “Қоғамдық жоба” қоғамдық бірлестігінің өкілі, сондай-ақ, “Amanat” партиясы өкілі отыр.
Олар учаске ашылғаннан бастап әзірге ешқандай заңбұзушылық байқалмағанын тілге тиек етті.
Таңғы 11.00 дегі жағдай бойынша көршілес 141 учаскеде де дауыс берушілер легі үзілмеді.
Өзі тіркелген референдум учаскесінде дауыс берген 18 жастағы Дәурен Ахметов бүгін өмірінде алғаш рет осындай саяси оқиғаның куәсі болып отыр.
“Біз мұнда референдум учаскесі ашылғаннан бастап бәрін бақылап отырмыз. Алғашқы дауыс берушілерге сыйлықтар берілді, ешбір заңбұзушылық байқамадық. Бірақ әзірге меніңше дауыс берушілер қатары сирек. Демалыс күні болғандықтан күннің екінші жартысы бұдан да жиілейді деген ойдамын", - дейді “Азаматтық пікір орталығы” қоғамдық бірлестігінен бақылаушы Майра Досжанова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972608-almaty-turgyndary-referendumga-qatysuda-baqylausylar-ne-baiqady-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.