"Париждің төрінде қоғамымыз бар": Түркия мен Еуропадағы қазақтар пандемиядан кейін алғаш рет Францияда бас қосты (видео)
Жарияланған күні:
Францияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Жиынға Еуропалық Одақ аймағында тұратын қандастарымыз бен Түркия және Қазақстаннан делегациялар қатысты, деп хабарлайды Хабар24.
Телеарнаның дерегінше, құрылтайды Франциядағы қазақтар мен Париждегі қазақстандық дипломаттар және "Отандастар" қоры ұйымдастырған.
Пандемиядан кейін алғаш өтіп жатқан елеулі шараға мыңға жуық адам жиналған. Еуропалық қазақтар үшін құрылтай - ерекше маңызды іс-шара. Себебі, жырақта жүрген қандастарымыздың басын қосатын мұндай жиындардың мақсаты - ұлтымыздың төл мәдениетін сақтап, ұлықтау.
"Шетелде тұрғандықтан өзіміздің мәдениетіміз пен дәстүрімізді сақтауымыз керекпіз. Сол үшін енді жылына бір рет осындай құрылтайлар болса өз туыстарымызды көреміз, өз қандастарымызды көреміз. Сол үшін бұл бізге өте маңызды", - дейді Австриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығының төрағасы Ертұғрұл Шолпан.
Телеарнаның мәліметінше, іс-шара бағдарламасы барынша мазмұнды әрі пайдалы етіп құрылған. Іс-шара аясында Еуропадағы диаспоралардың кездесуі, этнодизайнер Қазипа Қалиқызының дәрісі, әр елден жиналған өнер адамдарының концерттерін өткізу, тіпті футбол турнирін, жастар үшін би кешін өткізу қарастырылған.
"Еуропаның ортасында Париждің төрінде біздің қоғамымыз бар. Бұл қоғамымызды ашуымыздың себебі, келе жатқан ұрпақтарымыз ата салт-дәстүрін ұмытпасын, қазақшылығын ұмытпасын, тілін ұмытпасын деген ниет. Сол қоғамда той-томалағымыз болады, сол жерде той-томалағымызды өткіземіз. 400-500 қазағымыз келеді. Бәрі бас қосады сол жерде", - дейді Франциядағы Түрік қазақтары қауымдастығының президенті Есімхан Назир.
Париж құрылтайы бағдарламасында мәдени көрікті жерлерге айналған Абай мен Мұстафа Шоқай ескерткішіне тағзым ету де қамтылған.
Отандастар қорының мәліметіне қарағанда, қазір тарихи отаннан жырақта жүрген қазақтардың саны 8 миллионнан асады. Қандастарымыздың Қазақстанмен мәдени байланысы жемісті дамып келеді. Енді әлемнің әр еліндегі қазақ диаспораларының ынтымақтастығын нығайту көзделіп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972680-parizdin-torinde-qogamymyz-bar-turkiya-men-europanyn-ar-aimagyndagy-qazaqtar-franciyadagy-quryltaiga-zinaldy/