Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкім келін болып тумайды": Ақтөбеде үш келінімен бір үйде тұратын ене татулығының сырын бөлісті

Опубликовано:

Елеусіновтер әулеті
Елеусіновтер әулеті. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында тұратын Елеусіновтер отбасының ауызбіршілігіне ел қайран. Үш келінімен бір шаңырақтың астында тұрып жатқан енеге көпшілік қызыға қарайды. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі Елеусіновтер әулетімен сұхбаттасып, татулығының сырын біліп қайтты.

"Енемнің батасы болар, келіндерім қарсы келген емес, әрдайым ыңғайыма қарап отырады. Дауыс көтеріп, ренжісіп көрген емеспіз. Ешкім де бірден келін болып тумайды. Әрқайсысы бір-бір үйдің еркелетіп өсірген қызы. Білмеген жерін шамам келгенше үйретіп отырамын. Шаруаны санаспай ретіне қарай жасай береді. Осылардың ортасында немере бағып отырмын", - дейді Ақзира Есжанова.

Ақ жаулықты ана жеті бала тәрбиелеген. Бүгінде бәрі де аяқтарына тұрған. Ақзира ана 43 жыл отасқан жолдасымен бірге 9 немере сүйіп отыр.

"Бақыттымын, балаларымның осылай сыйласып тұрып жатқанына қуанамын. Күнде дастархан басында "жақсы болыңдар, кешірімді болыңдар" деп айтып отырамыз. Жақында ғана бірінші түскен ортаншы келінге енші беріп, бөлек шығардық. Сегіз жыл бірге тұрды, батамызды бердік", - дейді Ақзира апай.

Үш келін
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Бірін-бірі "апалап" шапқылап жүрген үш келіннің қабақ шытқаны көрінбеді. Қара шаңыраққа бірінші болып түскен ортаншы келін өзінің көпбалалы отбасынан шыққанын айтты.

"Өзім бес ағайындымын. Абысындар болып бір үйде тұрғанда қиындық болған емес. Үйдің шаруасын санаспай атқарып, баланы да бірге қарасамыз. Балаларымыз тату. Оларды бөлектеген емеспіз. Қайын інімнің балалары бізді де "папа", "мама" деп айтады. Өзіміздің екі қыз, бір ұлымыз бар. Үлкен баламызды салт бойынша қайын ағам бауырына басты", - дейді ортаншы келін Толқын.

Келіншектердің жастары да бір-бірімен шамалас. Ас үйге кезектесіп кіріп, шаруаларын жасап жүр. "Мен де айтайыншы" деп пысықтығын көрсеткен кіші келін отбасындағы бірлік ата-енесінің арқасында екенін жеткізді.

"Әкеміз бен анамыздың бір ауыз сөзі заң. Әрдайым "ренжіспеңдер" деп айтып отырады. Ауызбіршілікпен ішкен ас дәмді. Атамның "өзара жанашырлық танытып, кемшіліктерді жасыра алсаңдар, араларыңда реніш болмайды" деген сөзін күнде естиміз. Менің келін боп түскеніме де 5 жыл. Ол кезде үйде бір абысыным болды. Екеуміз бірге тұрдық. Қазір екінші абысыным бар. Бірге тұрамыз. Үйде енеміз ұқыптылыққа, тиянақтылыққа үйретіп отырады", - дейді қара шаңырақтың кенже келіні Айзат Мырзағұл.

Елеусіновтер әулеті
Елеусіновтер әулеті. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Кенже келін ауыл мектебінде математика пәнінен сабақ береді.

"Бірінші баламызды ата-әжесінің, қайын ағаның баласы дейміз. Бұл қазақтың ертеден бар салты. Одан жаман болып жатқан жоқ. Балалар бір-біріне бауырмал, алшақтамай өсіп келеді. Енем әрдайым жағдайымызға қарап жүреді. Ауыл тірлігі таңғы сағат 5-6-дан басталып кетеді. Жүкті немесе кішкентай баласы бар келінге ерте тұру міндетті емес. Ондай кезде енем сиыр сауғызбайды," - дейді кенже келін.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972889-eskim-kelin-bolyp-tumaidy-aqtobede-us-kelinimen-bir-uide-turatyn-enege-el-suisindi-foto/

pixel