Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлы мектептерде орамал тағуға рұқсат беру мәселесіне қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Оқушы
Көрнекі фото: pixabay.com

Елорда мектептерінің бірінде директор болып қызмет атқаратын қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы оқушыларға хиджаб киюге рұқсат беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аятжан Ахметжан Facebook парақшасында орамал тақырыбына қатысты мектепте қандай проблемалар бар екенін жазды.

Педагогтың сөзінше, бүгінгі таңда мектептерде ең қиын мәселенің бірі - осы киім мәселесі.

"Қатардағы адамға білінбес, бұл бір актуалды мәселе. Мектеп формасының бекітілген тәртібі бар. Бірақ әр адамның діни көзқарасы, сенімі әр түрлі. Дәл осыдан қазір мектепте киім дауы өте қатты", - дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Мектеп директоры бұл мәселемен өткен жылы карантин аяқталып, оқу басталғанда кезіккенін айтады.

"Бұрын аса мән бермейді екенмін. Өткен күзде бұл мәселені реттеу тым ауыр болды", - дейді ол.

Мектеп басқаруда тәжірибелі директор дәл қазір хиджаб мәселесі неге қозғалғанын түсіндірді.

"Хиджаб киюге рұқсат бермегені үшін өзге елге көшіп кеттік деп қағаз жасатып, бірақ білім алмай қалып жатқан қыз балалар жылдан-жылға көбейді. Ресейдің немесе басқа елдердің онлайн мектептеріне тіркеліп қойып, оқыған-оқымағаны белгісіз адам көбейді. Кейбір құжат жүзінде қарапайым, бірақ іс жүзінде діни жеке мектептер пайда бола бастады", - дейді ол.

Қоғам белсендісінің пікірінше, мектепте хиджабқа рұқсат бермесе, алдағы уақытта бірнеше мәселе туындауы мүмкін.

"Білім алмай надан күйінде қалатын қыз балалар саны жылдан-жылға көбейіп барады. Бұл мәселені елемей тастауға болмайды. Мектептерде хиджаб дауы өте асқынып кетті. Бұл бала құқын бұзу деген уәж екі жақтан да айтылып, балалардың сабақ процесіне кедергі келтіріп жатыр", - дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Мектеп директоры ормал тағуға рұқсат берілсе жағдай қалай өрбитініне талдау жасап көрді.

"Ал орамалға рұқсат берілсе, мектепте оранып жүрген оқушы саны өте қатты көбейеді. Бұл діни мәселе оқушылар арасында қандай ықпалы болады? Екіншіден, мектепте баланың отбасының діни көзқарасы анық киімінен білінеді. Бұл алауыздық тудырмай ма? Үшіншіден, жоғарыда шетелге онлайн оқуға ауысып кеткен, өтірік көшіп кеткен білім алмай жүрген қыз балалар мектепке оралады. Дәл қазір қарап тұрсаң, былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі", - дейді ол.

Бұдан бөлек қоғам белсендісі мектептегі кей оқушының киімінің тым қысқа болуы да проблема тудырып отырғанын жазды.

"Негізі мектеп формасы ондай қысқа емес, бірақ, соның белін жымырып, қысқартып киіп алатын оқушылар көп. Үйінен ұзын киіп шығып, жолда басқа киімге ауыстырып киіп келетінін ата-анасы білмейтін оқушылар да бар", - дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973128-belgili-pedagog-ayatzan-axmetzanuly-mektepterde-oramal-taguga-ruqsat-beru-maselesine-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel