Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ахаңның көзі еді": Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы "туған үйді" бұзғандар елдің ашуына тиді (видео)

Жарияланған күні:

Ахмет Байтұрсынұлының үйі
Видеодан кадр: Хабар 24

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй бұзылды. Оны қалпына келтіру барысында мәселелер туындаған. Жергілікті тұрғындар мәдени нысанды не үшін жойғанын түсінбей отыр.

Хабар 24 арнасының мәліметінше, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Алаш арысы тұрған үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін оның орнында іргетасы ғана тұрған. Іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген. Алайда құрылыс сәтсіз шығып, Ахмет тұрған үйдің ізі де қалмады, дейді ауыл тұрғындары.

"Мына жерде Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Іргетасы қара шым мен кесектен салынған еді. Арасы пешпен бөлінген еді. Пешпен бөлінген бұрышта Ахмет Байтұрсынұлының үйіндегі әжеміз осы жерде Ахаңды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестені шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ахметтің өзімізде бар ең соңғы ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз", - деді ауыл тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Жермен жексен болған аумақта өткен жылы екі бөлмелі үй тұрған. Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді, дейді жұрт. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.

Айта кетейік, биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілген. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Алайда 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің ашуын келтірді.

"Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі жер бетінен ысырылып тасталды деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды", - деді мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.

"Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді мұражайға айналдырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді", - деді Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974489-axmet-baitursynulynyn-uii-qaita-zondeu-kezindegi-satsizdikterge-bailanysty-buzyldy-video/