"Қызым есірткі пайдаланбауымызды сұрап жалынады": Ақтөбеде есірткіге тәуелді ерлі-зайыпты жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі наркологиялық диспансерде 15-20 жылдан бері есірткіге тәуелділіктен арыла алмай жүрген азаматтар аз емес. Емделіп жүрендер қатарында кәмелет жасына толмаған бала да бар, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Орталықта ем қабылдап жүрген пациенттің ең жасы - 15 жастағы 1-курс студенті. Ол мұнда екінші рет түсіп отыр. Қандыағаш қаласынан келген. Айтуынша, желімге тәуелділік мектеп жасынан басталған.
"8 сынып оқып жүрген кезімде Ваня деген досымның айтуымен желім иіскеуді бастадым. "Бәрі жақсы болады, қызық, бір рет көр" деді. Ондайды бұрын білген жоқпын. Пакеттің ішіне бір желімді құйып, иіскетті. Неше түрлі түс көрдім. Басым айналды. Есімді жинағанда сайда жатырмын. Негізі біз аулада болып едік. Содан кейін мен оны күнде іздей бердім. Иіскемесем, басым ауырады. 250 теңге тапсам желім аламын. Енді ол затқа жоламаймын. Екі досым да желім иіскейді", - дейді ол.
Әлдеқайда арзанға шығатын және жасалу жолы жеңіл, бірақ денсаулыққа қауіпті синтетикалық есірткі түріне құмарлар саны көбейген. Емделушілердің дені мекемеге сот және дәрігердің жолдамасы арқылы мәжбүрлі түрде жатқызылған.
Орталықта өз еркімен келіп, ем алып жатқан ерлі-зайыпты да бар.
"Есірткіге тәуелділік 1998 жылдары 14-15 жасымда шөп қолдана бастаған кезімнен басталды. Әскерде болған 2003-2005 жылдары пайдаланған жоқпын. Құрылыста жұмыс істеймін. Қолға түскен ақшаға есірткі аламыз. Әйелім де жас күнінде дәмін көріп, тастаған.
Отбасы құрғаннан кейін менің ақымақтығыммен қасыма ертіп алдым. Есірткінің барлық түрін пайдаланамын. Тапқан ақшама есірткі аламын. Балаларым өсіп қалды. "Нашақордың баласы" деп ешкім қолын шошайтпасын деп осында емделіп жатырмыз", - дейді емделуші.
Ал оның әйелі есірткіні алғаш рет 17 жасында қолданып көргенін айтады.
"Үш қызым бар. Үлкені бәрін біледі. Есірткі пайдаланбауымызды сұрап жалынады, жылайды. Солар үшін осында емделуге өзіміз келдік. Бұл дертке жоламау керек. Шығу жолын табу қиын", - дейді 30 жастағы келіншек.
Орталықтың есірткіге тәуелділерге арналған бөлімінде 40 орын бар. Қазір онда 30 науқас жатыр. Олар 20-50 жас аралығындағы адамдар. Дені 15-20 жылдан бері есірткімен күресіп келеді.
"Соңғы бес айда есірткіге тәуелділер көбейді. Бірігіп пайдаланатындар көп. Метадон терапия қабылдайтын орын бар. Оған әбден есірткіге тәуелді болып кеткен 35 адам барады", - дейді нарколог дәрігер Айман Жұмашева.
Облыста ішімдікке, есірткіге тәуелділігі бар 8499 адам есепте тұр. Оның 7325-і ер адам болса, 1174-і әйел.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974553-qyzym-esirtki-paidalanbauymyzdy-surap-zalynady-aqtobede-zastaiynan-esirtkige-taueldi-erli-zaiypty-zanaiqaiyn-aitty/