Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көк байрақты қорлағандар қалай жазалануы керек: Елтаңба авторы мен этнограф өз ойын айтты

Опубликовано:

көк ту
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Өкінішке қарай, елімізде мемлекеттік туды қорлау жағдайлары тыйылмай тұр. Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Мемлекет басшысы тіпті көк байрақты пайдалану тәртібін қайта қарауды тапсырды. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгерістер енгізуге болатынын айтты. Осы орайда Елтаңба авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы мен этнограф Досымбек Қатран мемлекеттік туды қорлағандарға қандай жаза тағайындау керек деген сауалға жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Жандарбек Мәлібекұлының сөзінше, елімізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысы кемшін.

"Қазақтың өз менталитеті, ұлы даланың өз мәдениеті бар. Қазақ намысты қашан да биік қойған. Біздің намысымыз біздің рәміздерімізде, көк байрағымызда тұр. Сол себепті туымыз әрқашан биікте желбіреуі тиіс. Кімде-кім туымызды, әнұранымыз бен елтаңбамызды қорласа, сол адам қатаң жазаға лайық. Айыппұл салу, әкімшілік жауапкершілік дегенді алып тастаған жөн. Туды таптайтындар, қоқысқа тастайтындар бес емес, жеті жылға қамалуға тиіс. Жаза қатаңдатылғанда ғана туды қадірлейтін болады", - дейді Жандарбек Мәлібекұлы.

Сәулетшінің ойынша, мемлекеттік ту әр қазақтың шаңырағында болуы керек. Осы ретте Жандарбек Мәлібекұлы туға қатысты ерекше есте қалған дүниені бөлісті.

"Бір жолы жолым түсіп Финляндияға бардым. Финляндияны аралап, тыныс-тіршілігімен танысып жүргенде, бір үйге көзім түсті. Әлгі үйдің төбесіне финдердің жалауын көлденең іліп қойған екен. Мен жалау неге төмен ілініп тұр деп сұрадым. Сол кезде қасымдағы адам "демек, бұл үйде бір фин қаза тапқан" деді. Көрдіңіз бе, бір финнің өмірден өткенін ту арқылы білдіріп тұр. Сондықтан үйде ту болғаны дұрыс. Оны күнделікті емес, Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік күні сияқты айтулы даталарда пайдалану керек", - дейді ол.

Ал этнограф Досымбек Қатран "туымыздың аяққа тапталуы – заңның осалдығы" деген пікірде.

"Рәміздерді қорлау жағын түсінуге болады. Себебі қазіргі қоғамның санасында туды биік ұстау, қастерлеу деген түсінік жоқ. Сол "қасиет тұту керек еді, қадірлеу керек еді" деген сананы орнықтыру үшін, әрине, мың сөзден бір іс артық. Яғни, жазалау керек. Қадірлемедің бе, аяққа таптадың ба, сотта жауап бересің. Сонда ғана оның санасына кіреді. Адам санасына өзгеріс енгізу керек. Бар мәселе сонда болып тұр", - дейді этнограф.

Досымбек Қатранның айтуынша, билік мемлекеттік рәміздерді насихаттау, дәріптеу ісіне ерекше мән беру керек. Оның пікірінше, "заң осал болғаннан кейін, әркім ойына келгенін жасайды".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974774-kok-bairaqty-qorlagandar-qalai-zazalanuy-kerek-eltanba-avtory-men-etnograf-oz-oiyn-aitty/

pixel