Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейден келген этникалық қазақ балалары Ақтөбеде ана тілін меңгермек

Опубликовано:

Балалар
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Ресейдің бірнеше облысынан келген қазақ балалары демалысын ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, таза қазақ тілінде сөйлейтін құрдастарымен бірге өткізбек, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ресейде тұратын 31 этникалық қазақ баланың демалыс шығынын облыс әкімдігі көтерген. Балалар қаладағы ең үздік мектеп саналатын Назарбаев зияткерлік мектебінде тіл үйренеді. Ал қалған уақытында тарихи-мәдени орындарды аралап, салт-дәстүрді бойға сіңірмек.

"Маған өте ұнады. Бір күн ішінде қазақ тілінде амандасып, жағдай сұрауды үйрендік. Мен қазақша түсінемін, тек сөйлегенде қиналамын. Үйде ата-анам қазақша сөйлейді. Болашағым үшін қазақ тілін үйренемін", - дейді мектеп оқушысы Раушан Күзембаева.

Атамекеніне немересімен бірге келген Қуандық Ізімбетов балаларының қазақ тілін үйренгенін қалайтынын айтады.

"Ресейдің Қазан қаласынан келіп тұрмын. Мұнда немеремді алып келдім. Үйде әйелім екеуіміз қазақ тілінде сөйлесеміз. Ал балаларым түсінбейді. Өз ана тілімізді үйренуіміз керек. Түсінгенін қалаймыз. Елді сағынамын. Жиі келіп тұрамын", - дейді Қуандық Ізімбетов.

Ақтөбелік ұстаздар Ресейдегі қазақ балаларына қазақ тілін үйретуді бастады
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Оқушылар Ресей Федерациясының Алтай Республикасы, Санкт-Петербург, Орынбор, Орск, Саратов, Омбы, Қазан, Челябі облыстарынан келген.

"Балалар жылы аясында халықаралық тілдік лагерь ұйымдастырылды. "Ана тілі әлемі" деп аталады. Ресейдің алты облысынан балалар келіп отыр. Олар қазақ тілін үйренетін болады. Облыстың ең қызықты, көрікті деген жерін аралайды. Қазақы аудандарға барып, тілдік орта қалыптастырып, қызықты саяхат өтеді. Келген балалардың бәрі 6-16 жас аралығындағы ұлты қазақ балалар. Олар тілді білмейді. Бірақ қызығушылығы жақсы", - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Оның сөзінше, лагерь бағдарламасына сәйкес балаларға негізінен қазақ тілін үйретуге басымдық берілген.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974898-reseiden-kelgen-etnikalyq-qazaq-balalary-aqtobede-ana-tilin-mengermek/

pixel