Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тағдырыма ризамын": Қарағанды облысында мүгедектігі бар ерлі-зайыпты өз күшімен үй тұрғызып алды

Опубликовано:

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыптылар үй салып алды
Елена Емельянова. Скриншот: Хабар 24

Қарағанды облысында мүгедектігі бар ерлі-зайыпты 15 жыл бойы бос тұрған үйді сатып алып, адам танымастай өзгертіп жіберді. Бір кездері есік-терезесі жоқ, қабырғасы құлаудың алдында тұрған қараусыз үй бүгінде берекелі шаңыраққа айналған, деп хабарлайды Хабар 24 арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қарағанды облысының Северо-Западный ауылында тұратын Елена мен Игорь Емельяновтардың отау құрғандарына он жыл толды. Олар Петропавлдағы протездік-ортопедиялық орталықта танысып, кейін бірге тұрамыз деп шешкен. Кейін тірнектеп жинаған азғантай ақшасына құлағалы тұрған үйді сатып алған.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, тек есік алдынан 3 камаз қоқыс шығыпты. Одан кейін аяғы санынан кесілген Игорь төменде, ал жіліншіктен төмен ампутацияланған Елена төбеде жүріп үйдің шатырын жабады. Қазір бұл үй адам танымастай кейіпте тұр.

"Әлі қаншама жұмыс бар. Үйдің қабырғасын сылау керек. Көмір қора салсам деймін. Көлігімді қоятын гаражды ұзартып, шағын тауық қора салғым келеді. Екеуміздің жәрдемақымызды қоса есептегенде, 100 мың теңгеден сәл асады. Сондықтан қосымша жұмыс істемесек болмайды. Бау-бақша - күндіз-түні еңбек ететін жеріміз. Өнім мол. Тұрақты сатып алушыларымыз бар", - дейді Игорь Емельянов.

Игорь мен Елена бағбандықпен айналысады. Олар қияр мен қызанақтан бастап, қырыққабат, картоп, көкөністің барлығын өз күштерімен егіп жинап алады. Екеуі бір-бірінің мұңын түсініп, бір-біріне нағыз қамқоршы болып үлгерген.

Дәнекерлеуші болып істеген Игорьдің арбаға таңылғанына 14 жыл болса, Еленаның арбада отырғанына 9 жылдың жүзі болыпты. Екеуі де жақсы арбаға мұқтаж. Мемлекет есебінен берілетін арбалар икемге мүлде келмейді, протездің де проблемасы көп, дейді олар.

"Протезді кию үшін кемі 1 сағат уақыт керек. Кейін орнымнан тұрып, аяғымның ауырғанына денемді үйретіп аламын. Содан кейін барып жайлап жүре бастаймын. Аурусыз өмір сүргім келеді. Мен күні-түні жұмыс істеймін. Бос уақытым жоқ деуге болады. Тағдырыма ризамын", - дейді Елена.

Қазір Игорь 8 жыл болған арбаны жөндеп мініп жүр. Бірақ тоз-тозы шыққан. Айтуынша, қолының қауқары болғандықтан, мемлекет оған электронды коляска бермейді екен. Осыған қарамастан, олар қиындықтың бәрін еңсеріп, бүгінде бақытты өмір сүріп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975903-tagdyryma-rizamyn-qaragandy-oblysynda-mugedektigi-bar-erli-zaiyptylar-oz-kusimen-ui-turgyzyp-aldy/

pixel