"Мұқтаж жандарға бағасын неге қолжетімді етпеске": Гаражда протез жасаумен айналысатын жігіт жайлы не білеміз (фото)
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсу ауылында 19 жастағы Мұхамеджан Кеңесбек талайға қолжетпес болған протезді жасап шығарып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шетелде бағасы он есе қымбатқа түсетін протездерді Мұхамеджан өз үйіндегі шеберханасында жасайды. Гаражды шағын кеңсе етіп алған. Уақытпен санаспай, күн-түн демей еңбек ететін жас өнертапқыш шеберханасына төсек-орнын да әкеп алған.
Мұхамеджан Түркістандағы аграрлық колледжде білім алған. Мамандығы инженер. Осы орайда ол протез жасауға не түрткі болғанын айтып берді.
"Екі жыл бойы робототехниканы оқыдым. Ұстазымыз "Нарыққа шығаруға лайық жоба дайындаңдар" деп тапсырма берді. Бұрын да ойымда жүрген протез жасау ісін зерттеп, зерделей бастадым. Әлем жұртшылығының 15 пайызы протезге мұқтаж екен. Кез келген мұқтаж жанның қолы жете бермейтінін білдім. Жоғары технологиямен сапалы протез жасайтындар әлемде аз емес. Бірақ Қазақстанда жоқ. Неге бізде осы өндірісті қолға алмасқа? Мұқтаж жандарға бағасын неге қолжетімді етпеске деген оймен өз жобамды іске асыруға кірісіп кеттім", - дейді Мұхамеджан.
Мұхамеджан бүгінде екі авторлық жобасын патенттеп алуға құзырлы мекемеге құжат жолдап қойған. Оның бірі протез қол болса, екіншісі "қауіпсіздік түймесі". Яғни, үйде газ ашық қалған жағдайда немесе өрт шыққанда дереу үй иесіне "хабар береді".
Бүгінде Мұхамеджан 4 дана протез қол жасаған, бәрі тәжірибеден өткен. Ол тапсырыс та алып үлгергенін айтады.
"Қауіпсіздік түймесіне" де белгілі құрылыс компаниялары қызығушылық танытып, тапсырыс беріп жатыр. Алпауыт қос құрылыс компаниясымен келісімшартқа қол қойдым", - дейді жас өнертапқыш.
Мұхамеджан отбасындағы алты баланың тұңғышы. Іркілмей ізденетін жас жігіт келесі жылы Назарбаев университетіне оқуға түсіп, білімін жетілдірмек.
Материал авторы: Жанар Есенбекова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976698-muqtaz-zandarga-bagasyn-nege-qolzetimdi-etpeske-garazda-protez-zasaumen-ainalysatyn-19-zastagy-zigit-zaily-ne-bilemiz-foto/