Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өздері хабарласты": Атыраулық жігіттің суреттері әйгілі Apple-дің ресми желісінде жарияланды (фото)

Опубликовано:

Атыраулық жігіттің суреті Apple парақшасында жарияланды
Тілектес Сыдық. Фото: жеке мұрағат

Кеше әлемдік Apple компаниясының ресми Instagram парақшасында қазақстандық видеограф Тілектес Сыдықтың суреті жарияланды. Мешіттегі ер адам мен жеміс-жидектердің фотосын компания арнайы таңдап алған. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Тілектес жетістікке жетуінің құпиясын ашты.

"Мен 1996 жылы Атырау қаласында тудым. Суретке түсіруге әуестігім бала күнімнен басталды десем, артық емес. Өйткені қолыма телефон түссе болды, камерасын ашып, бұлтты, даланы, табиғатты түсіре беретінмін. Суретке түсіруден керемет ләззат аламын. Ол кездері Instagram жоқ, фотоларым еш жерде жарияланбайды. Десе де оның да өзіндік ерекшелігі көп еді. Уақыт өте келе бұл саланың жаныма жақын екенін түсіндім. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасында оқып жүріп, фото мен видеоға түсіруден арнайы білім алып, жетіле түстім. Бұл салаға деген махаббатым ашыла бастады", - дейді ол.

Тілектес Талғатұлы өзі түсірген суреттер Apple-дің әлеуметтік желісіне жарияланатын күнді армандайды. Алайда суретті жариялау үшін қандай да бір талап немесе байқау болмаған.

"Әр түсірген суретіме хэштег қалдырамын. Apple өкілдері де менің суреттерімді хэштег арқылы тауып алған. Өздеріне ұнаған фотоны ресми желісінде жариялады. Бірақ бұл мен ойлағандай оңай емес екен. Алдымен компания өкілдері менімен сұхбаттасып, суретті нендей мақсатпен түсіргенімді, тіпті неліктен көк түсті таңдап алғаныма дейін сұрады. Ағылшын тіліне жетік емеспін, сондықтан, жақын туысымының көмегімен олардың сұрақтарына жауап жазып, анкета толтырдым. Арада біршама уақыт өткен соң олардың ресми парақшасында менің суреттерім пайда болды. Бұл фото мен видео саласына қызығатын, осы саладан нәпақасын тауып жүрген әр адамның арманы. Менің де арманым болатын. Қатты қуандым", - дейді Тілектес.

Қазіргі таңда Тілектес Сыдық тағамдарды суретке түсірумен айналысады. Ол болашақта әлемнің үздік видеографтарымен бір қатарда болуды армандайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976770-ozderi-xabarlasty-atyraulyq-zigittin-suretteri-aigili-apple-din-resmi-zelisinde-zariyalandy-foto/

pixel