Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ескерткіш секілді": Ақтөбе облысында тұрғындар құрылысы аяқталмай тұрған мектеп мәселесін шешіп беруді сұрап отыр

Жарияланған күні:

Құмжарған ауылының тұрғындары
Құмжарған ауылының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында салынып жатқан жаңа мектеп 5 жылдан бері 60 оқушыға арман боп тұр. Ауыл балалары осы уақыт ішінде апаттық жағдайдағы ғимаратта оқуға мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жанайқайын жеткізген Құмжарған ауылының халқы кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Мұнда ауыл болашағының жалғыз кепілі саналатын мектеп мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмеген.

Ал 40 жыл бұрын салынған ауылдағы жалғыз мектеп 5 жыл бұрын апатты деп танылған. Ауылдағы 60 бала осы ескі мектепте білім алуда.

"Қыстай балаларымыз ескі мектепте оқып шықты. Апаттық деп танылған ғимаратта жазатайым жағдай болса кім жауап береді? Бұл - ауыл болашағына, баланың білім алуына балта шабумен тең", - дейді тұрғын Сайын Төкенов.

Құмжарғандықтар биылғы оқу жылында да балалары жаңа мектепке кіре алмайды ма деп қапалы. Себебі құрылыс жұмыстары толықтай тоқтап тұр. Жаңа ғимараттың қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылғанымен, ішкі және сыртқы жұмыстары аяқсыз қалған.

"Баламыздың жаңа мектепте оқығанын қалаймыз. Әдемі болып салған соң неге тиянақты аяқтамайды екен. Ескі мектеп отпен жылынады. Жылу жүйесі де дұрыс емес", - дейді тұрғын Анар Жалғасқызы.

Құмжарған ауылының тұрғындары
Құмжарған ауылының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Шағын мектептің құрылысы жылдап созылып кеткеніне қынжылған құмжарғандықтар ауылға үкіметтің назар аударуын сұрайды.

"Мектебіміз ауылдағы үлкен проблема болып тұр. Ертең апаттық жағдайдағы мектебіміз жабылып қалса, 60 бала қайда оқиды? Ескі мектеп өте қауіпті. Төбесі ортасына түсе ме деп қорқамыз. Мектеп болмаса ауыл құлдырайды. Малын бағып отырған санаулы үй көшіп кетеді. Салынып жатқан жаңа мектептің тұрғанына 5 жыл болды. Оған ескерткіш секілді қарап отырмыз. Біздің жағдайымызға үкімет назар аударса екен", - дейді тұрғын Мейіржан Жақсылық.

Құмжарған ауылының тұрғындары
Құмжарған ауылының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Аудан әкімдігі Құмжарғандағы 1979 жылы пайдалануға берілген ескі мектептің апаттық жағдайда тұрғанын растады.

"41 жылдан бері қолданыстағы ғимараттың 60 пайызы тозып тұр", - дейді Мұғалжар ауданының әкімдігі.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровтың айтуынша, жыл соңына жаңа мектепті қолданысқа беру жоспарда бар. Ал мектеп құрылысын аяқтамай кеткен мердігер компанияға бүгінде сот үкімі шыққан.

"Бірінші жоба бойынша 60 орындық мектепті 300 миллион теңгедей қаржыға салу жоспарланған. Жұмысты аяқтамай кеткен мердігер компанияға 95 миллион теңгені кері қайтару бойынша сот үкімі шықты. Қазіргі жоба 250 млн теңгедей қаржыға шығып тұр. Мердігер компания анықталды. Жыл соңына дейін жаңа мектепті қосып береміз деген жоспар бар", - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.

Құмжарған ауылының тұрғындары
Құмжарған ауылының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Айта кетейік, Құмжарған ауылында 200-ден аса тұрғын бар. Ауылға газ бен жарық тартылған. Тек таза ауыз су жоқ.

Ауладағы құдықтан шығатын ащы суды адам да, мал да ішеді. Осы орайда тұрғындар ауылдағы мектеп пен таза ауыз су мәселесі шешілсе деген тілегін жеткізді.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977660-auyldagy-ulken-problema-bolyp-tur-aqtobe-oblysynda-turgyndar-qurylysy-ayaqtalmai-turgyn-mekteptin-maselesin-sesip-berudi-surap-otyr/