Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Не үшін салық төлеп отырмыз?": Вокзал маңындағы шұрық-тесік жолдан мезі болған атыраулықтар наразылық білдірді

Опубликовано:

Атырау
Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Атырауда темір жол вокзалы маңындағы тас жол жүргізушілерді әбден азапқа салды. Шұқыр тесік жолдың қиындығын әсіресе қоғамдық автобус жүргізушілері тартуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мұнайлы шаһардағы жалғыз темір жол вокзалы маңындағы жолдың сиқы кеткен. Қоғамдық көлік жүргізушілері шұңқырларға толы жолдың кесірінен автобустардың жиі бұзылатынын айтады.

"Бұл жолдың жөнделмегеніне біраз болды. Өзім екі жылдан бері автобус жүргіземін. Мына жердегі шұңқырларға кіріп кеткен кезде жолаушылар бастарын соғып, кейбіреулері тіпті құлап қалып жатады, сондай кезде халықтан естімейтін сөзіміз жоқ. Автобустың астын екі бастан соғып жатырмыз. Бір кездері тесіктерді жамады, бірақ аз уақыттың ішінде қайтадан ойылып қалды",- дейді №59 автобус жүргізушісі Ербол Молдырахманов.

Ербол Молдырахманов
Ербол Молдырахманов: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Вокзал маңындағы аялдамаға №59, №2, №14, №7-ші автобустар тоқтайды. Одан бөлек бұл жерде Автобекет, Құлсары қаласына жүретін таксилердің және Орал, Шымкент бағытына қатынайтын қалаларалық автобустардың тұрағы орналасқан.

"Тек өзіміздің халық емес, басқа қалалардан келетін қонақтар да осы жермен өтеді. Сондықтан кіреберісміз дұрыс болғаны жөн. 15 жылдан бері көлік жүргіземін. Қала жодары тіптен сын көтермейді. Сонда салықты не үшін төлеп отырмыз деген сұрақ мазалайды",- дейді қала тұрғыны Төремұрат Сакипов.

Төремұрат Сакипов
Төремұрат Сакипов. Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Әлеуметтік желіде де ойық-ойық жолдың мәселесі қызу талқыланып жатыр. Тұрғындар қалалық әкімдікке хат жазғанымен мәселенің әлі де оң шешімін таппай отырғанын жазуда.

"Бұл мәселені осы жылдың 3 мамырында e-otinish арқылы шағым ретінде Атырау қаласының әкімдігіне жолдағанмын. Назарға алынды деген жауап келді. Алайда уақыт өтіп жатыр, "баяғы жартас, сол жартас", ештеңе істелген жоқ. Бұл қаланың қақпасы, вокзал алды. Ұят. Онсызда саны аз автобустар бұл жермен жүріп өткенде, зақым алатыны сөзсіз", - деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы Телман Талғатұлы.

Атырау
Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша, 2017-2018 жылдары вокзал маңындағы Баймұханов көшесі жөндеуден өткен. Алайда қоғамдық көліктер тоқтайтын кірме жолдар жөнделмеген. Жауапты сала мамандары аталған жолдарға жөндеу жұмыстары көп ұзамай басталатынын айтып отыр.

"Жоспар бойынша вокзал алдындағы жолдың жөндеу жұмыстары осы жылы басталып, жыл соңына дейін аяқаталады. Мердігер компания – "АтырауИнжСтрой" ЖШС компаниясы. Жөндеу жұмысына 327 миллион теңге қарастырылған",- деді Атырау қаласы әкімінің көмекшісі Ақесен Ибрагимов.

Атырау
Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Әйгерім Сайқын, Атырау облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977924-ne-usin-salyq-tolep-otyrmyz-vokzal-manyndagy-suryq-tesik-zoldan-mezi-bolgan-atyraulyqtar-narazylyq-bildirdi/

pixel