Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қос құдықты қайтарыңдар": Семейде судан тарыққан кент тұрғындары жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Семейде судан тарыққан кент тұрғындары жанайқайын жеткізді
Фото: NUR.KZ

Семейдегі Нахаловка кентінде тұрғындар ауыз суға зар болып отыр. Судан әбден тарыққан олар сегіз жыл бұрын мамандар алып тастаған қос құдықты қайтаруды талап етіп, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кент тұрғындары орталық су құбырына қосылған қос құдықты алып тастаған мамандарға ренішін жеткізді.

Тіршілік нәріне жарымаған тұрғындар жуынбақ түгілі, шөл қандыруға зар болып отырғандарын, су мәселесі жылдар бойы шешімін таппағанын айтады. Екі шақырым жерден әкелетін бір ыдыс суды апталап тұтынуға мәжбүрміз деген жұрт, үйлердің ауласындағы жер құдықтан шығатын су ішуге жарамсыз екенін де сөз етті. Оның үстіне, шілденің шіліңгір ыстығында ол су да тартылып қалатын көрінеді.

"Жер құдықтан шығатын тұзды су да жоқ. Соны амалдап отырушы едік. Қазір оған да зар болып отырмыз... Тығырықтан шығарудың орнына көшеміздегі орталық су құбырына жалғанған қос құдықты қиып тастады", - дейді кент тұрғыны Фарида Тайырбекова.

Бұл жайтқа жауапты мамандар тұрғындардың талай жылдан бері тіршілік нәрінен тарыққанын білмегенін алға тартты. Олар мұндағы қос құдықты сегіз жыл бұрын алып тастаған екен. Ал су іздеп сергелдеңге түскен тұрғындар бізге келмеді дейді.

"Құдықты неге алдық? Осы уақытқа дейін құдыққа заңды түрде тіркелген абоненттердің жоқтығы себеп. Екінші, төлемақы жоқ. Үшіншіден, осы уақытқа дейін ешқандай шағым түспегендіктен, құдықтарды алып тастауға тура келді", - деді "Семей Су Арнасы" МКК су техникалық бөлім басшысының орынбасары Талғат Мадияров.

Халықтың жаппай наразылығынан кейін, мамандар қос құдықты қайта қосып беруге уәде етті. Ал мыңдаған тұрғыны бар Нахаловка кентіне орталық су құбырының қашан тартылатыны белгісіз. Өйткені сметалық құжат әзірлеп, құрлысын жүргізуге жергілік билік қаражат жоқтығын айтып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1979851-qos-qudyqty-qaitaryndar-semeide-sudan-taryqqan-kent-turgyndary-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel