Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында кезінде дүркіреп тұрған кент бүгінде қаңыраған ауылға айналған (фото)

Опубликовано:

Жем қаласы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында 40 жыл бойы әскери қалашық болған Жемнің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Кезінде 17 жатақхана, офицерлер асханасы, музыка мектебі, бірнеше балабақша мен мықты білім ордалары болған шағын қала бүгінде қаңырап тұр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жем қаласы 1960 жылы құрылған. Ресей әскери бөлімі негізінде жабық қалашық болған. 1997 жылдан кейін Ресей әскері қаланы босатып, көшіп кеткен. Кезінде 5 мыңнан аса тұрғыны болған, өмірі қайнап жатқан.

Алайда содан бері көптеген адам кенттен көшіп кетіп, қалашықтың өзі, бос қалған үйлер тозып кеткен.

Жасыл желекке оранған қалада 250 орындық мәдениет үйінен басқа ештеңе қалмаған.

Жем қаласы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Есік-терезесі үңірейіп бос тұрған ғимараттар Жем қаласындағы жұпыны өмірдің көрінісі іспетті.

Жем қаласы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Мұнда адам тұратын көпқабатты үйлердің өзіне кіру қорқынышты. Бір подъезде санаулы ғана адам тұрады.

"Осы жерде 12 жылдан бері тұрамын. Жаңбыр жауса, көпқабатты үйлердің төбесінен су кетеді. Алысып келе жатқанымызға неше жыл болды. Қиын. Қазір мұнда 18 үй бар. Бәріндегі жағдай осы", - дейді Жем тұрғыны Светлана Сырымова.

Жем қаласы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Жем қаласында қазір ресми түрде 1974 адам бар. Оның 234-і мектеп оқушысы.

Жем қаласы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Жем әкімі Жұматай Бисенов те халық саны азайғанын әскери бөлімдердің ауысуымен байланыстырады.

"4 ғимарат және 6 көпқабатты тұрғын үй бос тұр. Бірақ оның иесі бар. Аудандық әкімдік тарапынан "Ақтөбе Фурнитор компаниясы" ЖШС басшысымен, көпқабатты тұрғын үй иесімен келіссөздер жүргізіліп, алдағы уақытта бос пәтерлерді жөндеп, пәтерге кезекте тұрғандарға беру туралы шешімдер қабылдануда", - дейді Жұматай Бисенов.

Жем қаласы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Жергілікті әкімдік мәліметінше, Жем қаласының барлық инфрақұрлымдары толық жаңартылған, газ, жылу, ауыз су, кәріз жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Десе де, қаладағы ауыз су мәселесі сын көтермейді. Тұрғындар үйге кіріп тұрған суды тұндырып ішуге мәжбүр. Бөтелкелерге құйып алып, лай бөлігі астына түскенде ғана пайдаланады.

Жем қаласы
Фото: KAZ.NUR.KZ

"1996-1997 жылдан бергі жағдай осы. Су сапасы нашар. Аққан кезде білінбейді, ыдысқа құйғанда көзге көрініп тұрады. Асқан етті, шайды қап-қара қылып жібереді және кешкілік уақытта суды тоқтатып тастайды", - дейді ауыл тұрғыны.

хабарландыру
Фото: KAZ.NUR.KZ

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980168-aqtobe-oblysynda-kezinde-durkirep-turgan-kent-buginde-qanyragan-auylga-ainalgan-foto/

pixel