"Қоштасып хабарласты": Алматы облысында жалғызбасты ана лагерьде баласының әлімжеттік көргенін айтты
Жарияланған күні:
Алматы облысының тұрғыны жазғы лагерьде баласының әлімжеттік көргенін жеткізді. Жалғызбасты ана Сандуғаш Сұлтанның сөзінше, төрт күннен соң ұлы үлкен балалардан әлімжеттік көргенін айтып, өзімен қоштасып хабарласқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сандуғаш Сұлтан мән-жайды Instagram-дағы gress_big_family парақшасында жазған.
"Мен жалғыз басты анамын, екі балама денсаулығы жоқ болған соң, мектептен лагерьге жолдама берген. 14 тамыз күні сағат 10:00-де Іле ауданы бойынша 300 баланы Жамбыл ауданында орналасқан лагерьге алып кетті. Сол күні балам хабарласып, жақсы жеткенін айтты. Артынан телефонды бәрінен жинап алып қойғанын жеткізді. Вожатыйға хабарласып сұрағанда, бала үйреніскенше солай ету керек деді. Оған келістік", - дейді Сандуғаш Сұлтан.
Оның айтуынша, үш күннен кейін мессенджердегі ата-аналардың ортақ тобына лагерьде бір баланың жоғалып кеткені жайлы сөз болған. Сандуғаш өз баласы үшін уайымдап, лагерьге хабарласқан.
"Вожатый: "Уайымдамаңыз. Бәрі дұрыс. Бұл жай ойын болған", - деді. 17 тамыз күні кешке балам бөтен нөмерден қоштасып, "Анашым, мен сізді жақсы көрем, аман болыңыз", деп хабарласты. Мен не болғанын сұрай бастадым, сол кезде балам "Анашым келіп, алып кетіңіз, алып кетпесеңіз бүгін мені ұрады", - деді. Ол өз телефонынан емес, басқа отрядтағы баладан сұрап алып хабарласыпты", - дейді келіншек.
Содан кейін жалғызбасты ана Қонаев қаласына, облыс әкімдігіне хабарласып, мән-жайды айтқанын, заң қызметкерлерінің келуін сұрағанын жазған. Іле ауданы әкімдінің өкілі бала туралы сұрап-біліп отырған.
"Баламның денсаулығы орташа. Бала төрт күн лагерьде болды, жуынбаған. Жуынуға рұқсат бермеген. Неге баланың құқығын таптап отырсыздар?", - деп күйінді Сандуғаш Сұлтан.
Сондай-ақ Сандуғаш Сұлтан баласы орналасқан лагерьдің ішіне кіре алмағанын да айтады.
"Мен лагерьге кіргізіп көрсетіңіз дегенде, көрсетпеді, кіргізбеді, мен Жамбыл ауданының полиция бөліміне арыз жаздым", - дейді ол.
Ол баласынан лагерьде демалуға еш жағдай жасалмағанын естігенін алға тартады.
"Мен лагерьге жеткенде заң қызметкерлері және ата-аналар тұрды. Балам келген соң, бәрін сұрадым. Ол жылап жіберді. Дірілдеп, болған оқиғаны айтты. Лагерьге келген күннен бастап, басқа балалар ұрған. Вожатый қарап тұрған. Баланың басынан тепкен. Бөтен бала келіп ажыратқан", - дейді әйел.
Сандуғаш Сұлтанның айтуынша, баласы қазір Іле ауданындағы балалар ауруханасында ми шайқалу диагнозымен ем алуда.
Бұл жайтқа қатысты Алматы облыстық полиция департаменті KAZ.NUR.KZ тілшісіне пікір білдірді.
Ведомствоның хабарлауынша, 17 тамыз, кешкі 18.40-та Жамбыл ауданының әкімдігіне жазғы лагерьде демалып жатқан кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғу туралы хабарлама келіп түскен.
"Оқиға орнына кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары, ауылдық округ әкімінің орынбасары, қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілдері дереу шықты. Көрнекі тексеру кезінде бала денесінен ешқандай жарақат белгілері табылмады. Содан кейін анасына бейнеқоңырау жасалып, баласымен байланыс орнатылды", - делінген ПД хабарламасында.
Сонымен қатар құзырлы орган баланың анасы келгенше онымен бірге ауылдық округ әкімінің орынбасары, қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілі, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қалғанын атап өтті.
Ал баланың денсаулығы туралы дәрігерлер КТК телеарнасына пікір білдірген.
"Бізге бала 18 тамызда түскен. 12 жастағы бала. Түскендегі жалпы жағдайы орташа. Бас жарақатын алған. Миы шайқалған. Денесінде соғылған жарақаттар бар. Біз ол баланы диагностика жасадық, қазір бала емделіп жатыр. Бүгінде баланың жалпы жағдайы қалыпты", - дейді Алматы аймағы балалар ауруханасының нейрохирургі Есентай Жаңабаев.
Сондай-ақ телеарна тілшілері Жамбыл ауданындағы лагерьге барған. Алайда сауықтыру орталығының есігін ешкімге ашпауды тапсырған қожайыны сол күйі бой көрсетпеген.
Бұл жайтқа байланысты мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова да KAZ.NUR.KZ порталына пікір білдірді. Жазғы лагерьдегі жайтты естіп, депутат оқиға орнына барған.
"Егер орын алған жайт рас болса, дәл Балалар жылында бұл - сорақылық. Мен осы жағдай туралы ести сала, қазір демалыста болсам да, мән-жайды білмек болып, лагерьдің алдына келдім. Бірақ ішіне кіре алмадық. Себебі, елімізде жеке бизнес нысандарын тексеруге мораторий бар.
Жалпы балалардың қауіпсіздігіне келгенде біз осы мораторий бойынша кей талаптарды алып тастауымыз керек немесе осы жерін қайта қарау қажет деп санаймын.
Лагерьлердегі балалардың қауіпсіздігі, балаларға жасалған жағдай секілді мәселелер. Баланың анасымен сөйлестім. Мәжіліс депутаты ретінде жағдайды өз бақылауыма аламын және алдағы уақытта отандық лагерьлер мәселесі бойынша өз құзыретімде жұмыс жасайтын боламын", - дейді Әлия Әбсеметова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983975-qostasyp-xabarlasty-almaty-oblysynda-zalgyzbasty-ana-lagerde-balasynyn-alimzettik-korgenin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.