Қазақстандық жігіт Бішкекте ұсталды: ол милиция қызметкерін ұрды деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Қырғызстан астанасы Бішкекте Қазақстан азаматы ұсталды. 19 жастағы жігіт құқық қорғау органының қызметкерін ұрды деген күдікке ілінді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл жайт туралы Бішкек қаласының Ленин аудандық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sputnik Қырғызстан хабарлады.
ІІБ мәліметінше, 17 тамыз күні түстен кейін "102" қызметіне Жас гвардия даңғылында полиция қызметкерін ұрып-соғып жатқаны жайлы қоңырау келіп түскен.
"Сол күні сағат 14:00-де қазақстандық К.А. Жас гвардия даңғылы мен Тоқтоғұл көшесінің қиылысында бұзақылық ниетпен милиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, оған себепсіз дене жарақатын салғаны анықталды.
Тергеуге дейінгі тексеру нәтижесі бойынша Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 280-бабының 2-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп жазады басылым Қырғызстан құқық қорғау органдарының хабарламасына сілтеме жасап.
Милиционер ауруханаға жүгінген, онда оған мұрын сүйектерінің жабық сынуы, оң жақтағы пароорбиталды аймақтың көгеруі мен гематомасы, жабық бассүйек-ми жарақаты және миы шайқалған деген диагноз қойылған.
"2003 жылы туған күдікті Қ.А. Бішкек қаласының Бас ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Ленин аудандық сотының шешімімен ол үй қамаққа алынды", – деп хабарлады ІІБ.
Сонымен қатар милиция ішкі істер органдарына күдіктінің анасы да арыз түсіргенін айтты.
"Сол күні оның анасы шамамен сағат 14:00-де ұлына дене жарақатын салған белгісіз тұлғаларға шара қолдануды сұрап, арыз жазды", – деп атап өтті милициядан.
Милиция қызметкері А.А. мен күдікті Қ.А.-ға қатысты тиісті сараптама тағайындалды.
2022 жылдың 18 тамызында қылмыстық іс қарау үшін Ленин ауданының прокуратурасына жолданған. Тергеу жалғасуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984173-qazaqstandyq-zigit-biskekte-ustaldy-ol-miliciya-qyzmetkerin-urdy-degen-kudikke-ilindi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.