"Енді үш автобуспен қатынаймыз": Атырауда тұрғындар автобустардың бағыты қысқарғанына наразылығын білдірді
Жарияланған күні:
Соңғы екі күнде Атырау қаласында көптеген автобустың жүру бағыты өзгеріп, қала шетінен қатынайтын автобустардың жүру жолы қысқарды. Бұл өзгерісті қолдамаған Химик бау-бақшасы мен Курилкино тұрғындары әкімдікке наразылығын білдірді. Себебі олар орталықтағы жұмысына енді үш автобус арқылы қатынауға мәжбүр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Біз №50, №57 маршруттарының орталық "Дина" базарына, Авангард ықшамауданына дейін жетпей, жарты жолдан тоқтауына түбегейлі қарсымыз. Осыған дейін халық емханаға, балалар мектебіне, қарапайым базарға барып жүрген автобус енді Балықшы ықшамауданынан әрі жүрмейді. Бізге дәл орталыққа апаратын бағыт қажет", - дейді тұрғындар.
Тұрғындардың айтуынша, автобустардың бағыты қысқарғанымен арақашықтық өзгермеген.
"Менің жұмысым Нұрсая ықшамауданында. Осы кезге дейін Химиктен №50 маршрутқа отырып, Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасынан түсетін едім. Сол жерден 30 "а" маршрутымен Нұрсаяға жетіп жүргем. Енді 30 "а" ол жерден жүрмейтін болды. Бұрын жұмысыма екі автобуспен жетсем, енді үш автобусқа отырып, қатынауға тура келді. Қоғамдық көлік халыққа қолайлы болу керек қой. Әлде біздің шаруамыз шағыммен, ереуілмен біту керек пе?", - дейді Эльмира Байкенова.
Тұрғындар бұл аймақтан қаланың орталығына бір үйден кем дегенде 2 бала мектепке баратынын айтады. Балалардың көбі орталықтағы мектептерде білім алады. Оқу жылы басталғанда бір автобустан түсіп, екіншісіне мінсе, кейбіріне үшінші автобусты күтіп жүруіне тура келеді, балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз дейді олар.
"Бұл не масқара? Билік ең алдымен халықтың жағдайын ойламай ма? Автобусымыздың бұрынғы қалыпты жолымен жүруін талап етеміз", - дейді Курилкино елдімекенінің тұрғыны Любовь Родионова.
Ал тағы бір тұрғын Елена Колесниченко Курилкино елдімекеннен үй сатып аларда автобус бағытын ескергенін айтады. Себебі бір автобуспен сабаққа барып келу 9 жасар қызы үшін қолайлы болатын.
"Бір автобуспен сабаққа барып келетін. Бұл үйді де сатып алған кезде сол жағын ескердік. Қала орталығындағы автобустар қашан да лық толы, оқушыларды отырғызбай түсіріп кетіп жатады. Біз №57-ші автобусты қалпына келтіруді талап етеміз", - дейді Елена Колесниченко.
Тұрғындардың назына қатысты қала әкімі Мейірім Қалауи жауап берді. Оның сөзінше, автобустар бағыты пилоттық жоба аясында өзгерген. Түбегейлі бағыттарды өзгерту бойынша тұрғындардың ұсыныс-талабы ескерілетін болады.
"Бір жарым ай бұрын біз қоғамдық тыңдау өткіздік. Оған қала тұрғындары да қатысты. Айтылған пікірлерді ескердік. Дегенмен қала сыртындағы елдімекендерден қатынайтын автобустардың жолы тым ұзақ. Автобустар жолға шыдамай тез сынып жатады. Мысалы, №57 автобус Курилкино елдімекенінен шығып барлық қаланы аралап "Дина" базарына дейін барады. Бір бағыттың өзі 30 шақырым.
Тасымалдаушы компанияға да тиімсіз. Сондықтан автобустың жүретін жолын Балықшы мөлтек ауданына дейін қысқарттық. Әрі қарай қала орталығына дейін халық кез келген автобусқа отырып жете алады. Тұрғындарға тиімсіз болса, біз оны қарастыруға дайынбыз. Олар ұсынысын қалалық әкімдікке хат жазу арқылы білдіре алады", - дейді Мейірім Қалауи.
Ал тұрғындар автобустар қалаға дейін 3 сағат жүрсе де, өздеріне қолайлысы сол екенін жеткізді. Сондықтан бұрыннан келе жатқан автобус бағытын қалдырып, қоғамға ыңғайлы жағдай жасауды талап етуде.
Материал авторы: Әйгерім Сайқын, Атырау облысы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984901-endi-us-avtobuspen-qatynaimyz-avtobustardyn-bagyty-qysqarganyna-narazy-atyraulyqtar-zanaiqaiyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.