Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір жыл болды бүгін": Жамбыл облысында әскери бөлімдегі жарылыста жоғалған сарбаздың әкесі жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі
Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі. Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылысқа тура бір жыл болды. Жаралыстың құрбандарына екі жерден есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Бірақ әлі күнге табылмаған сарбаз Бауыржан Дәуітбаевтың есімі еш жерде жоқ, деп хабарлайды Астана арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, аудан орталығындағы ескерткішке өрт сөндірушілердің есімі жазылған. Ал күштік құрылымдарға арналған ескерткіш әскери бөлім ішінен бой көтерген. Шараға марқұмдардың ет жақындары мен қызметтегі әріптестері қатысқан.

"Айдың-күннің аманында баламыздан айрылып, қыршын кетті. Бойдақ. Үйленемін деп жүр еді. Өмірінің бәрі алда еді. Басқа ештеңе айта алмаймын", - дейді Кеңес Әлібидің анасы.

Телеарна осыдан бір жыл бұрын болған жойқын жарылыстан соң із-түзсіз жоғалған әскери қызметкердің әкесімен де тілдескен. Талғат Дәуітбаев жоғалған баласынан күдер үзбеген. Ол телеарнаға іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтқан. Әкесі баласының не өлі, не тірі екені анықталмағандықтан мемлекеттен де еш көмек алмағанын жеткізген. Баласының сүйегін болсада тауып беруін сұрайды.

"Бала әлі табылмай жатыр. Аяғымнан таусылдым мында келе беріп. Бүгін бір жыл болды. Кімге баратынымды, кімге жалынатынымды білмеймін. Тауып берсін баламды қайсысы болмасын. Жан-айқайды үкімет естіп жатқан жоқ, шынымды айтсам. Ең болмағанда өлді міні, деп сүйегін көрсетсе, жүрегім орнында болатын еді. Бір жыл болды", - дейді Талғат Дәуітбаев.

Телеарна мәліметінше, әскерилер жоғалған қызметкерлеріне қатысты еш ақпарат айтпаған. Тек іздеу жұмыстары тоқтатылмағанын мәлім еткен.

Еске сала кетейік, 2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Осы қайғылы жағдайға байланысты 2021 жылғы 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985056-bir-zyl-boldy-bugin-zambyl-oblysynda-askeri-bolimdegi-zarylysta-zogalgan-sarbazdyn-akesi-zanaiqaiyn-zetkizdi/