Қостанай облысындағы өрттен 10 адам зардап шегіп, 108 құрылысқа зақым келген (фото)

Опубликовано:

Қостанайдағы өрт
Фото: ТЖМ жедел штабы

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ТЖМ жедел штабына сілтеме жасап.

Штаб мәліметіне сүйенсек, тілсіз жаумен күресуге 91 бірлік техника, 3 әуе кемесі, 5 өрт пойызы, жеке құрамның 600 адамы жұмылдырылған. Өрт сөндіру үшін 21 рет су шашылған. Ал су 25 шақырым қашықтықтағы табиғи су қоймасынан алынып жатыр.

"Аманқарағай ауылындағы әкімшілік ғимарат пен Лесное ауылындағы мұнай базасының аумағындағы өрт сөндірілді. От жанармай тиелген резервуарлар мен дизель отындарына көшкен жоқ. Аманқарағай және Озерное ауылдарындағы өрттер оқшауланды, қазіргі уақытта жеке ошақтарды сөндіру жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындар мен өрт сөндіруге қатысушылар арасында қаза болу жағдайлары тіркелген жоқ. 10 адам жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат, күйік алып, уланды. Олардың төртеуі орталық аудандық ауруханада, алтауы тексеруден кейін үйлеріне жіберілді", - деп жазылған хабарламада.

Қостанайдағы өрт
Фото: ТЖМ жедел штабы

Сондай-ақ, жағдайдың жақсаруына байланысты P-36 республикалық маңызы бар автожолы мен пойыз қозғалысы толық көлемде қайта жанданған. Ал "Қазгидромет" мәліметінше, 4 қыркүйекте Қостанай облысының Әулиекөл ауданында жоғары температура 28 градусқа дейін, желдің жылдамдығы секундына 9 метрге дейін сақталмақ.

Айта кетейік, 3 қыркүйек күні аймақта ауа температурасы 36 градусқа, жел жылдамдығы 23 метрге дейін көтеріліп, өрт аумағы 9 400 гектардан асты. Ал Әулиекөл ауданындағы орман алқабының жалпы ауданы 40 000 гектарды құрайды.

Қостанайдағы өрт
Фото: ТЖМ жедел штабы

Осылайша, Аманқарағай, Новонежинка, Калинино, Лесное, Озерное елдімекендеріне қауіп төнді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Озерное, Аманқарағай, Калинино, Лесное ауылынан жалпы 1841 адам эвакуацияланды. Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырды.

Қостанайдағы өрт
Фото: ТЖМ жедел штабы

Қазіргі уақытта ТЖ министрлігі мен ТЖ департаментінде жедел желі ашылған, психологтар жұмыс істеп жатыр. Бүгінде өрт 108 құрылысты жойып, зақымдаған.

"Бүгін Қостанай облысына Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД жеке құрамынан 15 автоцистерна, 2 вахтовка, 1 қызметтік автомобиль, 98 жеке құрам, сондай-ақ Алматы қаласынан суағызу құрылғылары бар ТЖМ-нің 2 тікұшағы, қосымша күштер мен құралдар келеді.

Қазіргі уақытта жағдайды бағалау үшін әуеден барлау жүргізілуде. Әуе барлауының қорытындысы бойынша күштер мен құралдар орман алқабындағы өрт ошақтарын сөндіруге және елдімекендерді қорғауға бағытталады", - деді ТЖД шетел штабында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1986066-qostanai-oblysyndagy-ortten-10-adam-zardap-segip-108-qurylysqa-zaqym-kelgen-foto/