Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Эколог: Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіруге 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт керек

Опубликовано:

Өрт
Қостанай облысындағы өрттің салдары. Фото: NUR.KZ / Георгий Шаповалов

Экология министрлігі Қостанайдағы өрттің табиғатқа келтірген шығынын есептеуге кірісті. Ведомство отқа оранған ағаштарды қайта отырғызып, орманды жасыл желекпен көмкеруге қыруар қаржы мен ұзақ уақыт кететінін жеткізді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

"Қостанай облысының мемлекеттік орман қорының ауданы 1,1 миллион гектарды құрайды, оның ішінде орманмен жабылған ауданы 270 мың гектар. Қалпына келтіруді біз мамандардан сұрадық. Ол үшін өрт болған аумақты түгел тазалап шығу керек екен. Одан кейін ағаштар егіліп қайта қалпына келуге біраз жыл керек. Оны алдағы уақытта есептеп айтамыз", - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.

Телеарна мәліметінше, Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап Қазақстандағы ең қалың орман болып саналады.

Қызыл жалынның құрсауында қалған жасыл алқапта көктерек, қайың, қарағай ағаштары өскен.

Сонымен қатар құстың 158 түрі мекендеген. Оның 16-сының Қазақстанның Қызыл кітабына енгені белгілі болды. Ал тұяқты жануарлардан бұғы, елік, марал, бұлан кездеседі. Өрттен қашып үлгермей қырылып қалған құс пен жануардың нақты саны әзірге белгісіз.

Экобелсенділер тал теректің өсуіне кемі 15 жыл керек деп отыр. Олардың сөзінше, табиғатқа келтірілген залалды толығымен қайта қалпына келтіруге бір ғасырға жуық уақыт кетеді.

"Негізі орманды қалпына келтіруге көп жыл керек. Осындай ағаштардың өсуі оннан он бес жылға дейін. Жалпы экожүйеге сүйенсек, орманды қалпына келтіруге 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт керек. Әрине, табиғатқа өте үлкен зардабы келді. Жыл сайын орман өртінің салдарынан фаунаның бүкіл әлемде 50 пайызы өліп жатады. Кез келген орман өрті 90 пайыз адамдардың себебінен туындайды. Бұл қарапайым техникалық ережелерді сақтамаудан болады", - деді экобелсенді Сәкен Ділдахмет.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1986517-ekolog-qostanai-oblysyndagy-ormandy-qalpyna-keltiruge-70-zyldan-150-zylga-deiin-uaqyt-kerek/

pixel