Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауылдың брендіне айналған ас": Ақтөбе облысында ауыл аналары қазақтың ұлттық асын жасап көрсетті (фото)

Опубликовано:

нан
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында өткен Жармола жәрмеңкесінде ауылдың аналары мен келіншектері қазанжаппай тағамының жасалу жолын көрсетіп, елді тәнті етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

фыЫрғыз ауданы тұрғындарының басым бөлігі мал шаруашылығымен күн көріп отыр. Себебі мұнда өндіріс жоқ. Ауылдағы әрбір келіншек қазанжаппай жасаудың шебері. Олар қонағына шоққа піскен ыстық нан ұсынып, "астың дәмдісі - қазанжаппай" деген түсінікті ертеден қалыптастырған.

"Қазанжаппай - ауылдың брендіне айналғандай ас. Әр үйде жасалады. Осы ауылға келін боп түскеніме 30 жыл болды. Өзім Әйтеке би ауданының қызымын, бұл тағамды келін боп түскеннен кейін абысындарымнан үйрендім. Дастарханымыздың сүйікті асы - қазанжаппай. Балалар да сүйіп жейді, келген қонақ та осыны сұрайды. Қуана жасап береміз", - дейді Таня Есбергенова.

нан
Фото: KAZ.NUR.KZ

Әйелдің айтуынша, тарихи жәрмеңкеде ауылдың атынан қазанжаппай дайындау өзіне тапсырылған. Өзі Құмтоғай ауылдық округінде медбике болып жасайды. Ауылдың келіншектері киіз үйдің алдында көпшілікке жасалу жолын көрсетіп тұрып, ыстық қазанжаппайлар дайындады.

"Қайталап сұрап келгендер аз болмады. Көшпелі қазақтың ұлттық тағамдарының бірі болған. Тойымды ас. Қазанжаппай туралы бір марқаның орнына жүреді деген түсінік бар",- деп жергілікті тұрғын оның жасалу жолын да айтып берді.

нан
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бірінші ұнға тұз қосып, қамырды жылы суға илеп аламыз. Оны екі сағатқа қою керек. Осы уақыт аралығында қамырдың иін қандырып, қайта-қайта басамыз. Отымызды, қазанымызды дайындаймыз. Қазанның майсыз, таза болуына көңіл бөлуіміз керек. Құрғақ қазанды отқа қыздырып, түбіне тұзды сеуіп отырып, жағалай қамырды жайып саламыз. Әр жапсырған сайын тұзды су себіледі. Жай отқа айналдыра отыра бірінші астын, кейін қазанды төңкеріп, оттың шоғына нанның бетін пісіреміз. Нанымыз қызарып дайын болғанда ыссылай қаймақ жағып, 5 минуттай дастарханмен жауып қоюымыз керек. Сол кезде нан аузымызда еритіндей жұмсақ болады. Осыдай кейін қазанжаппайды үзіп-үзіп табағымызға салып, ыстық күйінде бетіне сары май жағамыз. Бары осы ғана",- дейді Таня Есбергенова.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1987513-aqtobe-oblysynda-auyl-analary-kospeli-qazaqtyn-ulttyq-asyn-zasap-korsetti-foto/

pixel