Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінде әлемдегі өзекті мәселелердің бірі талқыланды

Опубликовано:

Съезд
Көрнекі фото: pixabay.com

Жақында елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі өтті. Ең өзекті жаһандық проблемаларды талқыға салған отырыстардың бірінде қатысушылар діни және қоғамдық ұйымдардың экстремизм, радикализм мен терроризмге қарсы белсенді әрекет ету тетіктерін құруы бойынша бірлесіп жұмыс жүргізді.

Әдетте әр адам өмірдің мәнін іздеуге тырысып, кітаптарға, діндерге және басқа да дереккөздерге сүйенеді. Осы орайда өмірдің барлық рақатын, жердегі "жәннатты" сыйлауға уәде ететін жалған діни ұстанымдарды насихаттаушылар қарапайым адамдардың санасын улап, ізінен ілестіріп әкетуге тырысады. Ал діни сауаты төмен азаматтар аталған теріс ағым өкілдерінің арбауына ұшырап, қаскөй пиғылдардың құрбанына айналып жатады.

Осы орайда Сириядағы отандастарымызды елге қайтару бойынша "Жусан" операциясы еске түседі. Жүздеген қазақстандық отбасының жалған діни экстремистердің арбауына еріп, туған-туысын тастап, соғыс жалыны шарпыған елге аттанғаны белгілі. ҚР ҰҚК ұйымдастырған арнайы операция шеңберінде қарулы қақтығыстар аймағынан жүздеген бала, әйел мен ер азамат елге қайтарылған еді.

"Терроризмге қарсы комитет" РҚБ Оңалту орталығының жетешісі, т.ғ.к. Мадияров Мирхат Мұратұлының айтуынша, Сириядағы отандастарымызды елге қайтару Республикамыздың абыройына тікелей қатысты мәселе болды.

"Бұл орайда мемлекетіміздің барлық азаматтарға, соның ішінде, өмірлік жол таңдауда адасқандарға да қамқорлық көрсететіні көрінді", – деді ол.

Экономикалық тоқырау, табыстан айырылу, ертеңгі күнге деген алаңдаушылық және күнкөріс құралдарының болмауы адамдарды күйзеліске ұшырататыны анық.

Мирхат Мадияровтың пайымдауынша, мұндай күйге түскен жандардың бір бөлігі медиум, көріпкел, бақсы, астрологтар мен нумерологтардың көмегіне жүгінсе, енді бірі жалған кәсіпкерлікке, алаяқтыққа, есірткі саудасы және басқа да заңбұзушылықтарға барады. Ал тағы бір бөлігі өміріндегі қиын мәселелердің шешімін діннен, Жаратушыдан табуыға тырысады.

Дегенмен, маманның пікірінше, идеологиялық арбаудың жетегіне еретіндердің негізгі бөлігі қаржылық тұрғыда аз қамтылғандар.

"Әдетте қарулы қақтығыстарға қатысуға ынталандыратын негізгі фактор материалдық мүдде. Сондай-ақ көбінесе жас азаматтарға діни сауатсыздықтың кесірі тиіп жатады. Діни ағарту мәселесінде білім іздеген жастар үшін қуатты ақпараттық және материалдық ресурстармен қаруланған қаскөйлердің арбауына қарсы тұру әсте қиын. Олар өз идеологиясына сүйене отырып, мазалаған кез келген сұраққа жауап табады", – дейді ол.

Деструктивті ағымдардың Қазақстан азаматтарына ықпалы мәселесімен айналысатын мамандардың айтуынша, соңғы 2-3 жылда мұндай ұйымдар белсенді әрекет ете бастаған. Алматы қаласы Діни істер басқармасының басышысы Нұрлан Кәкімов бұл жағдайдың мемлекет пен қоғам үшін қауіп төндіретініне сенімді. Айтуынша, құрамында прокуратура, полиция және басқа да мемлекеттік орган қызметкерлері бар ұйымдар діни экстремистік бірлестіктерге бірігіп қарсы тұруда. Мамандар консилиумдарда кездесіп, ақпарат алмасады, іс жоспарын құрады, бірігіп шешім қабылдайды, сондай-ақ қоғаммен өзара әрекеттеседі.

Дегенмен, басқарма мамандары студенттермен, түрлі сала ұжымдарымен кездесіп, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу шараларын жүргізеді. Тыйым салынған ұйымдарға қызығушылық танытып жүрген тұлғаларды анықтайды. Теріс ағымдардың арбауына түспеу үшін адамдарға жалған діни идеологиялардың қауіп-қатерін түсіндіреді.

"Біздің қызметкерлер қаладағы базар, мешіт, намазхана аумақтарында жұмыс жүргізеді. Жұмыссыздардың, маргиналды жастардың көп шоғырланатын жерлерін анықтайды. Алдын ала әкімшілікпен келісіліп, базар, сауда орталықтарында кездесулер ұйымдастырылады. Адамдармен сөйлесіп, жалған діни ұйымдардың арбаушылары қалай жұмыс істейтіндерін түсіндіреміз, ескертеміз. Әртүрлі жағдайлар болады. Белгілі бір қатаң тәртіп жоқ, қалыптасқан жағдайға қарап әрекет ете береміз", – деп түсіндірді Нұрлан Кәкімов.

Алайда, діни экстремизммен күресіп қана қоймай, дәстүрлі конфессияларды да дамыту қажет. Алматыда ондай 18 конфессия бар (ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегіне сәйкес). Қалалық Діни істер басқармасы барлық дерлік дәстүрлі діндер өкілдерімен байланыста, "Зайырлы Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшіліктің 30 жылы" жобасы және басқа да бірлескен акциялар бойынаша ынтымақтастық жүргізеді. Нұлан Кәкімов конфессияаралық келісімді қолдау жұмыстарына белсене араласады.

"Әрбір діни ұйым өз мүддесін, доктринасын қорғайды. Басынан бастап конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету үшін ортақ тіл табу оңай болған жоқ. Алайда, біздің діни бірлестіктер өкілдерінің, соның ішінде, православие шіркеуінің арқасында бұл бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Және онымен тоқтап қалмай, ары қарай жұмыс жасаудамыз. Біз конфессияаралық келісімді сақтап қана қоймай, халықаралық үлгіге сәйкес, бұл қарым-қатынасты бауырластық деңгейге жеткізу үшін дамытып келеміз", – дейді басқарма басшысы.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі қатысушылары терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылда өз жауапкершіліктерін толық түсінеді. Олар экстремизм, радикализм мен терроризмге қарсы діни және қоғамдық ұйымдардың бірлескен әрекет ету тетіктерін анықтады.

Мәскеу Патриархаты Шіреудің сыртқы байланыстары бөлімінің төрағасы митрополит Волоколамский Антоний VII Съездің ашылу күні-ақ аталған мәселені көтерген еді.

"Неліктен терроризм мен экстремизм проблемаларына тиісті мән бермейміз? Қазіргі таңда басымыздан өткізіп отырған дағдарыс, күйзеліс жағдайларында бұл факторлардың белең алатыны белгілі. Барлық діндер көшбасшыларының белсенді және жан-жақты диалогының арқасында ғана қазіргі заманауи сын-қатерлерге жауап беру мүмкін екенін түсінеміз", – деді ол.

Сондай-ақ дін көшбасшылары мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге және экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі талқыланған Съездің секциялық отырысында Болгария Республикасының саяси және қоғам қайраткері, ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокова сөз сөйледі. Айтуынша, экстремистер мәдениеттен қорқады, себебі мәдениет – сабырлық пен түсіністік құндылықтарының бейнесі.

"Экстремизмді қару қолданып жеңе алмаймыз. Біздің міндетіміз білім беру мүмкіндігі, білімнің бар қуаты арқылы зұлымдыққа қарсы тұратын құндылықтарды беру", – деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1989823-alemdik-zane-dasturli-dinder-kosbassylarynyn-vii-sezinde-alemdegi-ozekti-maselenin-biri-talqylandy/