Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бойы 2 метр, аяқ киім өлшемі - 56: Атырау облысында тұратын алып жігіт жайлы не білеміз

Опубликовано:

Парасат Нұрғалиев ауылдастарымен
Парасат Нұрғалиев ауылдастарымен. Фото: Ақжайық басылымы

Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат округіне қарасты Құрылыс ауылында өзгелерден дене бітімі ерекше, алып тұлғалы жігіт тұрады. Оның бүгінде бойы 2 метр 15 см, салмағы 150 келі, ал аяқ киім өлшемі - 56, деп хабарлайды Ақжайық басылымы.

Басылымның жазуынша, алып азаматтың аты-жөні Парасат Нұрғалиев.

Осы айдың аяғында 27 жасқа толатын Парасат отбасындағы ең кенжесі. Парасат 2014 жылы Құрылыс орта мектебін бітіріп, Атыраудан темір пісіруші мамандығын алып шыққан. Бүгінде анасымен Құрылыс ауылында тұрады.

"Әкем Серікқали қайтыс болған, анам Қоңырша екеуміз бірге тұрамыз. Анам айтатын, сен ерекше салмақта туылмағансың, көппен бірдей болдың деп. Менің әжем Әуез аса етжеңді болмағанымен, ірі болған. Әкем де осал болған жоқ, жауырынды, денелі еді, қолының өзі дәу болатын. Мені көргендер әкеңе тартқансың дейді. Ал ағаларым мендей емес, бойлары орташа", - дейді Парасат.

Парасат Нұрғалиев
Парасат Нұрғалиев. Фото: Ақжайық басылымы

Парасат 6-сыныпта оқып жүргенде денесіндегі ерекшелікті байқай бастаған.

"Біртүрлі сүйектерім өсе бастағандай, аяқтарым ұйып, біртүрлі сезімде болдым. Киімдер кішкентай бола бастады, бойым тез өсіп, аяғым үлкейіп кетті. 9-10-шы сынып оқып жүргенімде аяқ киім табу проблема бола бастады, себебі өлшемім 50-ге жетті. Ал ондай аяқ киім табу өте қиынға соқты. Мектепті бітірерде салмағым 120 келі, бойым 2 метрге жетті. Денсаулығымда еш кінарат болған емес", - дейді ол.

Парасаттың сөзінше, кез келген сауда орнынан өзіне шақ киім табу мүмкін емес, сондықтан киімді оған тігінші туысы тігіп беретін көрінеді.

Ал өлшемі сай келетін аяқ киімді табу тіпті қиын дейді Парасат. Айтуынша, жазда, жылы күндері резіңке сланцы құтқарса, күн суып, қыс түскенде далаға аттап шыға алмаған кездері де болған екен.

Сондықтан Байғали Өтеманов бастаған ауылдастары оған көмектесуге бел буып, аяғының өлшеміне сай аяқ киімге тапсырыс берген.

"Қазақтың алыбы Қажымұқан атамыздың аяқ киімі 54-ші өлшем болыпты. Ал Парасаттың аяғы одан да үлкен. Оған шақ келер аяқ киімді тіктіру үшін бірталай жерге хабарластым, біраз тігіншімен сөйлестім. Аяғының үлкендігін білгесін бәрі қарсылық білдіре бастады. Астанаға шақырған аяқ киім тігіншілері де болды, онда Парасатты апару үшін аяғына аяқ киім керек қой. Сөйтіп қиналып жүргенімде Алматыдан тігінші Валерий Воронин ғана келісім берді.

Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа, Роза Бағлановаға арнайы аяқ киім тіккен шебер екен. Шебер 40 жыл етік тігумен айналысқанда 49-шы өлшемнен артық аяқ киім тікпепті. Бір жағынан қызығушылық танытқан ол 56-шы размерлі қалыбы жоқтығына қарамастан, тігіп беруге уәде берді, онысын орындады да. 52-ші размерлі қалыпты үлкейтіп, 20 күннің айналасында осы аяқ киімді тігіп берді. Бұл күздік аяқ киім", - дейді Байғали Өтеманов.

Парасатқа ауылдастары тапсырыспен тіктіріп берген аяқ киім
Парасатқа ауылдастары тапсырыспен тіктіріп берген аяқ киім. Фото: Ақжайық басылымы

Былғарыдан тігілген, қызғылт қоңыр түсті аяқ киімді көрген Парасат балаша қуанып:

"Мұндай аяқ киімді қашан кигенімді ұмытып қалыппын", - дейді ол.

Парасат ауылдастары тіктіріп берген аяқ киімді киіп көруде
Парасат ауылдастары тіктіріп берген аяқ киімді киіп көруде. Фото: Ақжайық басылымы

Байғали Өтеманов ауыл жігіттері Парасат үшін қысқы аяқ киімге де тапсырыс беріп қойғанын айта кетті.

Парасатқа ауылдастары тапсырыспен тіктіріп берген аяқ киім
Парасатқа ауылдастары тапсырыспен тіктіріп берген аяқ киім. Фото: Ақжайық басылымы

Парасат қазір ауылда "қара жұмыспен" айналысады. Яғни үйлердің іргетасына лай құйып, сылау жұмыстарын жүргізеді.

Параст ауылдасы Байғали Өтемановпен
Параст ауылдасы Байғали Өтемановпен. Фото: Ақжайық басылымы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991038-boiy-2-metr-ayaq-kiim-olsemi-56-atyrau-oblysynda-turatyn-alyp-zigit-zaily-ne-bilemiz-foto/

pixel