Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында бүтін бір ауыл құм астында қалуы мүмкін (фото)

Опубликовано:

Шалқар ауданы
Ақтөбе облысындағы ауыл. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының орталығынан 300 шақырымдай қашықтықта жатқан ауылды құм басып қалу қаупі бар. Елдімекендегі жалғыз мектеп пен мәдениет үйінің айналасы құмға үйіліп тұр. Шалқар ауданы Жылтыр ауылы тұрғындарының көшкен құммен алысқанына ширек ғасырдан асты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тұрғындардың сөзінше, әсіресе ауылдың шығыс жақ беті құм басуға бейім. Жергілікті халық көмек биліктен көмек сұрайды. 

"Жел тұрса ауылда топырақ көтеріледі. Шығыс жақ бетті құм басуға жақын. Мектеп пен мәдениет үйінің айналасын құм басып тұр. Екі-үш жыл бұрын еккен сексеуіл шықпай қалды. Айналаға жиналған құм биік төбе болып тұр. Айтуымыздың  кемі жоқ. Құмнан арыла алмай отырмыз",- дейді Жылтыр ауылының тұрғыны Бақи Бәйменше. 

Шалқар ауданы
Ақтөбе облысындағы ауыл. Фото: KAZ.NUR.KZ

Суретте іргесі құммен үйіліп тұрған ғимарат ауылдағы жалғыз мәдениет үйі. Оның бір жақ қапталы көмілуге жақын қалған. Ауылдағы жалғыз білім ордасының жағдайы да осы. Мектептің айнала қоршаған темір дуалдарды белуардан құм басқан. 

Ауыл әкімі көшкен құмды техникамен тазарту жұмыстары неше жылдан бері нәтиже бермей отырғанын айтты. Ауылды айналдыра тал егу жұмыстары қолға алынған. Ауқымды жұмыстарға мүмкіндігі аз екенін айтқан ауыл әкімі көмек сұрайды.  

Шалқар ауданы
Ақтөбе облысындағы ауыл. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Құм үйлердің, сарайлардың, ғимараттардың төбесіне дейін келді. Бұл жағдай көп жылдан бері үлкен мәселеге айналды. Ауылдың бір жақ қапталы қауіптің үстінде тұр. Облыс, республикалық деңгейде көтерілді. Сенат, мәжіліс депутаттары келгенде де осы жайымызды айтып, көмек сұрап отырмыз. Республика тарапынан көмек керек болып тұр. Қазақстандағы құм басу қаупі басым аумақтарға кіріп тұрмыз",- дейді Шалқар ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Қалжан. 

Ауыл әкімінің айтуынша, кемі 20 гектар жерге тал егілу керек. Әкім оған шағын ауылдың мүмкіндігі жоқ екенін ашып айтты.

Шалқар ауданы
Ақтөбе облысындағы ауыл. Фото: KAZ.NUR.KZ

 Ал қазір 120 түтіні бар ауылда 90-нан аса бала мектепке барады. Өсім тұрақты. Халықтың дені мал бағумен айналысады. 

Мән-жайды аудан әкімдігі де айтып берді. Қиындық тек Жылтырда емес. Шалқар ауданында құм басуға бейім бес ауыл бар болып шықты.

"Жылтыр ауылының шығыс жақ беткейінен 20 га жер қоршалып жасыл аймақ құрылды. Мамандандырылған мекемелер арқылы көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, арнайы мекемеге қарауға берілді. Байқадам ауылынан құм тоқтатуға байланысты 20 га жасыл аймақ құрылып, сексеуіл ағашы егілді. Айшуақ ауылдық округі бойынша 2022 жылы көктем айында Бегімбет және Есет ауылдарына 225 көшет отырғызылды. Бозой ауылының солтүстік беткейінен 20 га жерге жасыл аймақ құрылып, құм тоқтату мақсатында ағаш егу жоспарлануда. Аққайтым ауылына жасыл аймақ құрылып, 25 түп үйіңкі, 25 түп шағын ағаш егілді", - дейді Шалқар ауданы әкімінің орынбасары М.Әлібеков. 

Әкімдік мәліметінше, 2022 жылы аудан аумағына 3900 түп көшет отырғызу жоспарланып, 3100 түп көшет отырғызылды. 

Сонымен қатар Шалқар ауданы бойынша бес елдімекен - Жылтыр, Аққайтым, Байқадам, Айшуақ, Бозой елді мекендеріне құм тоқтату процесін жүргізу үшін "Ақтобе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" КММ 2023 жылға жобалық сметалық құжаттарын (ЖСҚ) дайындау үшін бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс берілген. 

 Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991341-aqtobe-oblysynda-butin-bir-auyl-qum-astynda-qaluy-mumkin-foto/

pixel