Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өскенде саясаткер болғымыз келеді": президенттің атымен аттас Қасым және Жомарт есімді егіздер жайлы не білеміз

Опубликовано:

Қасым мен Жомарт
Қасым мен Жомарт. Видеодан кадр: Хабар24

Ақтауда Қасым және Жомарт есімді егіздер тұрады. Олар да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев секілді мамыр айында дүниеге келген. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлейтін жеткіншектер болашақта дипломат болуды армандайды, деп хабарлайды Хабар24.

Қасым мен Жомарт 2009 жылы Ақтауда туған. Олардың есімін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты саясаткер болсын деген тілекпен Түркістандағы әжесі қойған.

Бүгінде егіздер №11 мамандандырылған физика-математикалық лицейдің 8-сыныбында оқиды.

Мектепке барған соң Қасым мен Жомарт бірдей есепке жүйріктігін байқатқан. Қазіргі сүйікті пәндері - математика және көркем әдебиет. Сабақтан бос уақытында бокс үйірмесіне барады. Оқуға зерек егіздер әр түрлі білім сайысына қатысып, жүлделі орын да алған. 

Ұстаздарының айтуынша, егіздер атына заты сай. Үнемі ізденісте жүреді. Алдағы уақытта қытай, француз тілдерін үйренуді мақсат қойған. 

"Біз өскен соң саясаткер болғымыз келеді. Сол арманымызға жету үшін бізге әрине көп оқу керек. Арманымызға жетеміз деген ойдамын", - дейді Қасым Ерланұлы.

Егіздердің әкесі Ерлан Мәуленовтің сөзінше, жұбайы екеуі балаларының еліне пайдасы тиетін азамат болып өсуіне барынша атсалысуда.

"Былтыр Дубайға барып келді. Сол жақтан ағылшын тілінен сайысқа қатысты", - дейді Ерлан Мәуленов.

Ақтаулық егіздер үйдің үлкені. Олардан кейін Іңкәр және Кәусар есімді қыздар өсіп келеді. Қасым мен Жомарттың асыл арманы - ел президентімен кездесіп, еркін сұхбат құру.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992928-oskende-sayasatker-bolgymyz-keledi-prezidenttin-atymen-attas-qasym-zane-zomart-esimdi-egizder-zaily-ne-bilemiz/

pixel