Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жоғарғы сот өкілі судьялардың казиноға барғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

казино
Ойынхана. Көрнекі фото: pexels.com

Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов Facebook-тегі ресми парақшасында ойынханаға барған болуы мүмкін судьяларға қатысты тараған ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұған дейін желіде Алматы облысының прокуроры Берік Адамов қол қойған құжат пайда болған еді. Онда бірнеше облыстың түрлі мемлекеттік органдарының 305 қызметкері қызмет барысында құмар ойындарға 507 млн теңге жұмсағаны айтылған. Құжатта ойынханаға Жоғары сот қызметкерлерінің де барғаны айтылады.

Елдос Жұмақсанов бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желіде тарап кеткен Алматы облысы прокуратурасының хатына қатысты мынаны айтқым келеді: Жоғарғы Соттың 7 өкілінің ойын мекемелеріне барғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Біз Алматы облысының прокуратурасына хабарласып, бұл қатені түзетуді сұрадық. Тағы да айта кетейін, бұл тізімде Жоғарғы Соттың судьялары да, Жоғарғы Сот аппаратының қызметкерлері де жоқ", - деп жазды ол.

Сондай-ақ Елдос Жұмақсанов желідегі жазбасында қадағалау органының құжатында қай судьяларға қатысты ақпарат бар екенін айтқан.

Оның сөзінше, Қазақстанның сот жүйесінде 2286 судья мен 6015 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді.

"Әңгіме өңірлердің 3 судьясы мен 4 қызметкері туралы болып отыр. Судьялар туралы айта кетсек. Олардың бірі 2020 жылы теріс мотивті себептермен қызметінен босатылған. Сот алқасы екінші судьяны да басқа негіздер бойынша қызметінен босатуды ұсынған болатын. Үшінші судья 2021 жылы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия ұсынысымен Алматы сотынан жүктемесі аз ауылдық округ сотына ауыстырылды", - деп түсіндірді ол.

Жұмақсанов материалдар Судья әдебі жөніндегі комиссияның қарауына жіберілетінін атап өткен.

"Сот жүйесі кездейсоқ және лайықты емес судьялардан арылатыны сөзсіз", - дейді ол.

Сонымен қатар департамент басшысының орынбасары 4 мемлекеттік қызметкерге қатысты жағдайға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2021 жылы сот жүйесінен бір қызметкер өз еркімен жұмыстан кеткен, қалғандарына қатысты қызметтік тексеріс басталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993683-zogargy-sot-okili-sudyalardyn-kazinoga-bargany-turaly-aqparatqa-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel