Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Skills Enbek платформасы сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқытуға мүмкіндік береді

Опубликовано:

Интернет
Фото: pixabay

Skills Enbek платформасында қазақстандықтарға онлайн-оқытудың 162 курсы қолжетімді, оның ішінде 107-сі тегін. Осының арқасында еңбек нарығында сұранысқа ие 230-дан астам дағдыны үйренуге мүмкіндік бар.

Жаңа оқу платформасының пайда болуы уақыт талабы болып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атап өткендей, экономиканың барлық саласын цифрландыру еңбек нарығына әсер етеді. Жұмыспен қамту құрылымы өзгереді, жаңа мамандықтар пайда болады, көптеген процестер автоматтандырылады, жұмысшыларға қойылатын талаптар өзгереді.

Бүгінгі таңда бірнеше дипломның болуы өмір бойы жаңартылуды қажет ететін дағдылар мен білім сияқты маңызды емес екені аян. Колледждер мен университеттер арқылы мамандарды даярлаудың дәстүрлі жүйелері өзгерістердің жылдам легіне ілесе алмауда.

«Халықаралық зерттеулерге сәйкес, алдағы 5 жылда қызметкерлердің негізгі дағдылары 40%-ға өзгереді, ал әрбір екінші қызметкер қайта даярлаудан өтуі керек. Тек ресми білім беру ғана дағдылардың жетіспеушілігін жоя алмайды. Сондықтан онлайн оқыту осындай маңызды құралға айналуда. Бұл адамдарға өз дағдыларын дамытуға және жаңа белестер бағындыруға мүмкіндік береді: мансап жолын дамыту, кәсіпті өзгерту, жұмысқа орналасу, бизнес ашу, жеке тұлғалық өркендеу және тағы басқалар», – деп атап өтті ЕХӘҚМ мамандары.

Skills Enbek платформасында бүгінде 162 курс бар, оның 107-сі тегін және 59-ы қазақ тілінде оқуға қолжетімді. Сапалы түйіндеме жасаудан бастап ауылда бизнес құруға дейінгі ақпараттық материалдармен танысқысы келетіндер үшін порталда 31 тегін промо-курс орналастырылған. Skills Еnbek-те ұсынылған курстар 23 кәсіби саланы, 110 кәсіпті және 230 дағдыны қамтиды.

Жетекші бағыттар: HR және хатшылық, ауыл шаруашылығы, тұру және тамақтану, қаржы және бухгалтерлік есеп дағдыларын дамыту бойынша оқыту.

«Курстарда оқыту барлық тілек білдіруші үшін қолжетімді. Сіз оны компьютер арқылы да, смартфон арқылы да өте аласыз. Онлайн сипат ыңғайлы уақыт пен орынды ғана емес, сонымен қатар өз білім игеру қарқынын да оңай таңдауға мүмкіндік береді», - деп нақтылады ЕХӘҚМ сарапшылары.

Skills Enbek платформасы пайдаланушыларға 2021 жылдың шілдесінде қолжетімді болды. Оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру және өмір бойы оқыту тұжырымдамасын ілгерілету үшін жағдай жасау мақсатында әзірлеп, іске қосты. Skills Enbek платформасы жұмыспен қамту саласындағы цифрлық экожүйенің маңызды бөлігіне айналды.

«Нысаны мен мазмұны бойынша Skills Еnbek маркетплейс (қызметтер нарығы) қағидаты бойынша онлайн курстарға қолжетімділікті ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарының қазақстандық баламасы болып табылады. Бұл дегеніміз, кәсіби мамандар өз курстарын орналастырады және білімі мен тәжірибесімен бөліседі, ал кез келген адам оқудан өтіп, нәтижесі бойынша Электронды еңбек биржасындағы (enbek.kz) түйіндемеде автоматты түрде дағдыларды игеру туралы сертификат алғандығы көрсетіледі», - деді Министрліктен.

Skills Enbek іске қосылған сәттен бастап пайдаланушылар саны 161 мыңнан астам адамға жетсе, оқуды сәтті аяқтаған 128 мың адам сертификат еншіледі. Ең кіші оқушы - 15 жаста, ал ең егдесі – 81 жаста. Бұл ретте білім алушылар арасында 22 мыңнан астам жұмыссыз бар. Оның ішінде 13,3 мыңы - әйелдер (62%), 6,6 мыңы – жас буын өкілдері (30%).

2021 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін Skills Enbek платформасында оқығандардың 46%-ы жұмысқа орналасқанын атап өту маңызды (12,9 мың оқыған жұмыссыздардың 5,7 мыңы). Бұл ретте олардың 3,2 мыңында HR Enbek порталы арқылы тіркелген еңбек шарттары бар.

2022 жылдың шілдесінен бастап Skills Enbek платформасына «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту да көшірілді. Осы курсқа 116 мыңнан астам адам тіркелсе, оның ішінде 90,5 мың адам (78%) оқуды сәтті аяқтап, сертификат иеленді. Онлайн курстан өткен және сертификат алған қатысушылар business.enbek.kz порталы арқылы бизнес-идеяларды іске асыру үшін грантқа үміткер бола алады.

Skills Enbek алаңында курстар жиынтығы үнемі кеңейіп отырады. Жыл сайын кәсіптер мен «жұмсақ» дағдылар немесе smart skills (Agile қағидаттары бойынша жобаларды басқару, тайм-менеджмент және т.б.) бойынша жаңа курстар әзірлеу жоспарлануда.

«COVID-19 пандемиясына қарсы күресте Қазақстан үшін ынтымақтастық қоры» жобасы шеңберінде жүргізілген зерттеу қорытындысында, ковидтен кейінгі кезеңде неғұрлым талап етілетін кәсіби дағдылар айқындалды. Сондай-ақ Data Scientist-тен бастап аяқ киім тігу шеберіне дейінгі әртүрлі мамандықтар тұрғысында жаңа онлайн-курстар әзірлеу жоспарлануда.

Skills Enbek платформасы жетекші ұлттық және халықаралық білім беру алаңдарымен біріктірілген. Бүгінде Skills Enbek алаңында қазақстандық серіктес Courstore тарапынан курстар табу әбден мүмкін дүние. Болашақта Белоруссияның «Lerna» онлайн-платформасы ұсынатын белгілі Skillbox, Geekbrains, SkillFactory онлайн-мектептерінің курстары қолжетімді болады.

Тағы бір маңызды мәселе - Skills Enbek және ең ірі халықаралық білім беру платформасы Coursera серіктес атанды. Digital Bridge-2022 халықаралық форумы аясында Астанада «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен Coursera арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Болашақта Skills Enbek онлайн оқыту және кәсіпорын қызметкерлерінің біліктілігін арттыру алаңына айналуы мүмкін. Skills Enbek платформасының әдіскерлерімен бірлесіп, белгілі бір компанияның қажеттіліктері бойынша кәсіп жөнінде базалық кіріспе курсты әзірлеу ықтимал қадам ретінде көзделуде. Бұл кәсіпорындардың жаңа қызметкерлерді тұрақты оқытуға жұмсалатын шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.

2021-2025 жылдары кейіннен жұмысқа орналасатындай 130 мың жұмыссыз сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша онлайн-оқытудан өтеді деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995778-skills-enbek-platformasy-suranysqa-ie-dagdylardy-onlain-oqytuga-mumkindik-beredi/