Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік ақсақал ауылдағы жалғыз мәдениет үйі адам шошырлық жағдайда екенін айтты

Опубликовано:

Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылындағы мәдениет үйі
Ақтөбе облысындағы мәдениет үйі. Фото: Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылының халқы есігі бес жылдан бері құлыптаулы тұрған мәдениет үйін ашуды талап етуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылының халқы бірнеше жылдан бері мәдениет үйін көрмеген. Айтуларынша, жергілікті әкімдік апаттық жағдайда тұрған ғимаратты қалыпқа келтіріп, пайдалануға беруге асығар емес. Ауыл тұрғыны төбесі опырылып, балшығы түскен мәдениет үйінің қазіргі жағдайын видео арқылы көрсетті.

"Ауылдағы мәдениет үйінің жағдайы осы. Мынаған адам қалай төзеді? 2019 жылға дейін жұмыс істеген ауылдағы жалғыз мәдениет үйінің күйі кетіп, апаттық жағдайда тұр. Сұмдық қой. Басында жүз жылдан аса қызмет етеді деп салынған ғимарат. Күтіп ұстап, уақытында жөндеу жұмыстары жүрген жоқ. Бұл – ағайынды Құдайберген Жұбановтың кіндік қаны тамған ауыл. Өте өкінішті", – дейді Қаракөл ауылының ақсақалы Дүйсенбі Таженов.

600-ден аса тұрғыны бар ауылдағы мәдениет үйі 1972 жылы пайдалануға берілген. 2019 жылдан бастап ғимараттың төбесінен су ағып, кейін ондағы кітапхананы басқа жерге көшіруге мәжбүр болады. Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдіктен сол кезден бері мәдениет үйін жөндеп беруді сұрап жүр. Тұрғындар билік өкілдері берген уәделер мен бума-бума құжаттарды жинап қойған.

"Ауылда жастар баратын мәдени орын жоқ. Балалар әр жерде темекі тартып жүр. Төбелесу, пышақтасу оқиғалары болып тұрады. Соның бәрін өзіміз шешіп, жасырып келдік. Шыдамымыз шегіне жетті. Ауылдың жағдайы қашан жақсарады? Жаз мезгілінде ауыл болып мәдениет үйінің алдында өзімізше шара өткіземіз. Болды. Ауыл мәдениетімен араласып жатқан басқа ешкім жоқ", – дейді ауыл ақсақалы.

Аудандық әкімдік бұл жағдайды бақылауға алғанын және жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын хабарлады.

"Қазіргі таңда Ембі қалалық мәдениет орталығына қарасты Қаракөл ауылдық мәдениет үйі ғимаратына күрделі жөндеу жұмысының мәселесін шешу үшін ғимаратқа техникалық тексеріс жүргізу ұйымдастырылды. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге жобалық сметалық құжат жасақталып, 2023 жылы Қаракөл ауылдық мәдениет үйінің орталығына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарға енгізілді", – дейді Мұғалжар ауданының әкімдігінен.

Ардақ Ерубаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996555-aqtobelik-aqsaqal-auyldagy-zalgyz-madeniet-uiinin-adam-sosyrlyq-zagdaiyn-korsetti/

pixel