Астанада емізулі сәбиімен такси қызметін көрсетіп жүрген әйелге халық қомақты ақша жинап берді
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде қолында сәбиі бар келіншектің такси жүргізушісі болып жүргені туралы видео тарап, қызу талқыға түскен болатын. Емізулі сәбиімен осылай күн көріп жүрген астаналық әйелге халық қомақты қаржы жинап берді, деп хабарлайды Экспресс К.
Басылымның жазуынша, омыраудағы сәбиімен бірге такси қызметін көрсетіп жүрген келіншек туралы журналист Мұхтар Өміртай әлеуметтік желіде жазған.
Жазбаны оқыған қазақстандықтар бұған бей-жай қарай алмай, әйелге қол ұшын соза бастаған. Журналистің сөзінше, екі балалы ана ешкімнен көмек сұрамаған.
Дегенмен, қайырымды жандар бірер күн ішінде 1,7 миллион теңге жинап берген. Қаржы келіншекке табысталған. Бұл сәттің видеосын журналист Instagram парақшасында жариялаған.
Басылымға белгілі болғандай, такси жүргізушісі болып жүрген әйелдің қолындағы сәбиінен бөлек 12 жастағы ұлы бар.
Келіншектің айтуынша, ол қызы үш айлық кезінен бастап таксиші боп нәпақа тауып жүр. Жалғызбасты ана балаларымен жатақханада бөлме жалдап тұрады.
"Халқыма үлкен ризашылығымы білдіремін. Мейірімді жүректеріңізбен кішкене болса да, көмегіміз тисе екен деп берген қаражаттарыңыз маған үлкен көлдей боп келді. Негізі жыламаймын деп тұр едім...", — дейді көзіне жас алған әйел.
Айта кетейік, бұған дейін IIM-нің Teleram-дағы POLISIA.KZ ресми жаңалықтар арнасы әйелмен елордалық полицейлер профилактикалық әңгіме жүргізгенін хабарлаған еді. Тұрғынға балаларды тасымалдау талаптарын бұзу туралы айтылған.
Сондай-ақ Астана қаласы ПД мамандандырылған батальонының қызметкерлері әйелге тамақтандыруға арналған балалар орындығын сыйлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996702-astanada-emizuli-sabiimen-taksi-qyzmetin-korsetip-zurgen-aielge-xalyq-qomaqty-aqsa-zinap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.