Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шектеусіз білім алу: Skills Enbek қазақстандық платформасы отандық және халықаралық білім мен дағдылар базаларын қолжетімді етеді

Опубликовано:

молодой человек с ноутбуком
Фото: pixabay

Қосымша білім мен сертификаттардың болуы жұмысқа орналасу кезінде міндетті шарт болмаса да, белгілі бір дәрежеде маңызға ие артықшылық екені анық. Қазір компаниялар өзіне команда іріктеу кезінде үміткерлерде қосымша білімнің болғанын құптайды. Тәжірибе көрсеткендей, қосымша білім алу жұмыс табуды немесе оны ауыстыруды әлдеқайда оңайлатады. Курстарда игерген білім де, олардан өткендігі туралы сертификаттар да қызметке қол жеткізуді жеңілдетуі ықтимал. Мұндай мүмкіндіктерді Электрондық еңбек биржасының порталында Skills Enbek онлайн оқыту алаңы ұсынады.

Жаңа технологиялар мен жаһандық цифрлық кеңістіктің дамуы әсерінен бүкіл әлемдегі еңбек нарығы тез өзгеруде. Дағдылар мен білімге қойылатын талаптар күшейтіліп, бұл адамның үнемі өзін өзі жетілдіруін қажет етеді. 30-40 жыл бұрын еңбек жолы диплом, жұмысқа орналасу және жоғары лауазымға дейін бірте-бірте көтерілу сынды үйреншікті сатылардан өтуден құралған. Ал бүгінде жағдай басқаша, қызметкерді мансап белестерінің бұралаң жолдары күтіп тұр, тіпті сол жолдардың бірінде диплом шетке ысырылып қалуы да ғажап емес.

Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, мамандар даярлау және жұмысқа орналастыру жүйесінде әлем бойынша түбегейлі өзгерістер болып жатыр, мұндай үдеріс Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық. Бүгінде елімізде еңбек биржасының жұмысы электрондық сипатқа ауыстырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өңірлерге жұмыс сапарлары барысында атап өткендей, enbek.kz Электрондық еңбек биржасы кәсіптік бағдарлаудан бастап ресми жұмысқа орналасуға дейін көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.

"Бұл портал бос жұмыс орындарын табумен бірге, жұмысшыларды іздеуге арналған бірыңғай алаң. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 110 мыңнан астам бос жұмыс орны және жұмыс іздеушілерден 138 мыңнан астам түйіндеме бар. Халықтың ең ұтқыр санаты деп есептелетін жастар Электрондық еңбек биржасының көмегімен еліміздің кез келген өңірінен жұмыс таба алады", – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Министр enbek.kz порталында жаңа дағдыларды меңгеруге болатынын да еске салды. 2021 жылы Электрондық еңбек биржасы жүйесінде онлайн-оқыту алаңы – Skills Enbek құрылды. Ол ең ірі халықаралық оқыту платформалары сияқты қызметтер нарығы-маркетплейс қағидаты аясында жұмыс істейді. Әр түрлі саладағы кәсіпқойлар өздерінің оқу курсын әзірлеп, оны платформаға орналастыру арқылы білімдері мен тәжірибелерін бөлісіп, курсты ақылы ету арқылы өз білімдерін монетизациялай алады. Жұмыс беруші болса, өндірісі үшін қажетті дағдыларды меңгерген жұмыс іздеушілерді таңдай алады. Ал жұмыссыздар үшін түйіндемеде дағдыларды игеру туралы сертификаттың болуы жұмыс іздеуде артықшылық беретіні белгілі.

Skills Enbek іске қосылған сәттен бастап (2021 жылғы шілде) платформада 175,2 мың қазақстандық тіркелді, оның ішінде 161,8 мың адам – 2022 жылы. Кәсіптік оқудан өткені туралы сертификаттарды 138,8 мың қазақстандық, оның ішінде 25 мың жұмыссыз еншіледі. Осы уақыт аралығында Skills Enbek алаңында сан алуан бағытта 162 курс жарияланып, оның 107 – тегін, 59-ы қазақ тілінде.

Оқыту қай бағыттарда жүргізілетініне тоқталсақ, Skills.Enbek платформасында 23 кәсіби бағыт бойынша курстар орналастырылған, олар 110 кәсіп пен 230 дағдыны қамтиды.

Ақмола облысындағы Урюпинка ауылының тұрғыны 19 жастағы Павел Эйдемиллер бүгінгі таңда логистикадағы өзекті бағыттардың бірі болып саналатын "Автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру" бағытын оқу үшін таңдаған. Таңдауға аталған аймақта жүк тасымалдауға және сақтауға байланысты ірі логистикалық орталықтардың болуы әсер еткен.

Павел 2021 жылы жұмысынан айырылып, жұмыспен қамту орталығына тіркелген соң, онлайн режимде оқуға шешім қабылдады. Ол Skills Enbek алаңында қажетті курсты таңдап, оны сәтті аяқтады және 2021 жылдың 15 қарашасында сертификат алды. Биыл шілде айында Павел Эйдемиллер тиеу-түсіру жұмыстарында кешенді бригаданың докер-механизаторы болып жұмысқа тұрды. Жаңа жұмыста кейіпкерге өзі меңгерген жүктерді қабылдау, тапсыру және тасымалдау дағдылары пайдасын тигізді.

Бүгінгі таңда платформада оқытудың ең танымал бағыттары ретінде HR және хатшылық дағдылары, ауыл шаруашылығындағы әр түрлі салалар, тұру мен тамақтануды ұйымдастыру, қаржы және бухгалтерлік есепті атап өтуге болады. Сондай-ақ жұмыссыздар арасында "Сүт беретін ірі қара өсіру", "Құлпынай өсірудің толық нұсқаулығы", "Персоналды басқару", "Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы" курстары сұранысқа ие. Сонымен қатар көбінесе оқу барысында тек кәсіби қызметте ғана емес, күнделікті өмірде де өзекті smart skills деп аталатын дағдылар таңдалып жатады. Бұған, мәселен, "Қаржылық сауаттылық", "Бизнес идея басынан бастап", "Маркетинг негіздері" және тағы басқа курстар кіреді.

Skills Enbek курсының тағы бір білім алушысы - Қостанай облысындағы Арқалық тұрғыны Жанат Клекова. Ағымдағы жылдың сәуір айына дейін ол жұмыссыз мәртебесінде жүріп, "Пішу және тігу" курсын таңдады. Нәтижесінде білім алып, сертификат иеленді. Бір айдан аз уақыт ішінде ол дайын тоқыма бұйымдарын шығаратын компанияға тігінші болып барды.

Skills Enbek платформасымен жұмыс істеудегі маңызды тұсы - оқыту онлайн режимде өтеді. Сондықтан әрбір пайдаланушы курстың ыңғайлы қарқынын таңдап, материалды игерудегі үлгерімін бақылай алады. Оқу аяқталғаннан кейін қорытынды тестілеуден өту қажет, сертификат алу үшін шекті деңгей – сұрақтардың 70%-ына дұрыс жауап беру.

Курстан өткені туралы сертификат Электрондық еңбек биржасында орналастырылған ізденушінің түйіндемесінде автоматты түрде көрсетіледі және жұмыс беруші оны жұмысшы іздеген кезде көре алады.

Skills Enbek платформасына "ПрофБух", BTS Digital, қонақжайлықтың "Yes! Please" онлайн мектебі, сондай-ақ салалық қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдар - Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, "Номад Иншуранс" сақтандыру компаниясы, сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждері тіркелген.

Skills Enbek-те оқыту бағыттарын таңдау үнемі кеңейіп отырады. Ағымдағы жылы Digital Bridge 2022 халықаралық форумы аясында "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ мен Coursera ірі халықаралық білім беру платформасы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бірлесе жұмыс атқару, платформаларды интеграциялау - еңбек ресурстарының білімі мен дағдыларын арттыру үшін жасалып отырған қадам.

Бүгінде Skills Enbek сайтында Courstore қазақстандық серіктесінен курстар табу да мүмкін болып отыр. Жақын арада кәсіптік оқыту ауқымы одан да кеңейе түседі.

2021-2025 жылдар аралығында Skills Enbek алаңында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша 130 мың жұмыссызды онлайн оқыту жоспарланып отыр, бүгінде 25 мың адам оқудан сәтті өтіп үлгерген. Аталған шара дағдыларды дамыту есебінен еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етуге тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997762-sekteusiz-bilim-alu-skills-enbek-qazaqstandyq-platformasy-otandyq-zane-xalyqaralyq-bilim-men-dagdylar-bazalaryn-qolzetimdi-etedi/

pixel