СҚО-да ішімдіктен бас тартқан екі ауылдың бүгінгі тіршілігі қандай (видео)
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысында қос ауыл ішімдіктен бас тартқан. Бірі – Тайынша ауданында орналасқан Теңдік ауылы болса, екіншісі – Есіл ауданының Қарағай ауылы. Мұнда дүкен сөрелерінен спирттік ішімдік таба алмайсыз. Бұл – тұрғындардың ортақ шешімі, деп жазады ІІМ-нің ресми ақпараттық Polisia.kz медиапорталы.
Басылымның хабарлауынша, Теңдік ауылында осыдан жиырма жыл бұрын, яғни 2002 жылы мешіт салынған. Сол жылдан бастап жергілікті тұрғындар ауыл ақсақалы Орынбай қажының бастамасымен ішімдіктен бірауыздан бас тартыпты.
Айта кету керек, мұнда Моңғолиядан көшіп келген қандастармен қатар оңтүстік өңірден солтүстік аймаққа қоныс аударған отбасылар да бар. Ауыл әкімі Ержан Қасқұлақовтың сөзінше, адамдардың саналы түрде арақтан бас тартуына ең алдымен мешіт себеп болған.
"Қазіргі таңда ауылымызда 307 адам тұрады, 85 үй бар. Жергілікті кәсіпкер Ақан Әлжан ауылға, әкімшілікке, мектепке өзінің көмегін көрсетуде. Шеттен келген кісілерге үй беріп, жұмыспен қамтамасыз етуде. Бізде Моңғолиядан, Шымкенттен, Қызылордадан және тағы басқа өңірден көшіп келген азаматтар бар.
Көшіп келген отбасыларға бірінші жылы тегін отын (көмір, ағаш) беріледі. Сырттан келгендерге мұнда ешкім ішімдік ішпейтінін, алкоголь сатылмайтынын ескертеміз. Олар да осы ережені бірден қолдап, ауылымызға сіңісіп кетіп жатыр, – дейді ауыл әкімі.
Теңдік ауылының тағы бір ерекшелігі – мұнда соңғы жылдары ешқандай құқық бұзушылық пен қылмыс тіркелмеген. Мал ұрлығы мен тұрмыста орын алатын қылмыс та жоқ. Басылымның атап өтуінше, бұл – ересектердің иман жолына бет бұрып, жастардың спортпен шұғылданып, әкімдік пен учаскелік полицияның бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болып отыр.
"Алдын алу, яғни профилактикалық жұмыстарға аса мән береміз. Малдың қараусыз бос жүруін, олардың қатысуымен орын алатын жол апаттарын болдырмауға байланысты әкімдік қызметкерлері ауылымыздың учаскелік инспекторымен бірге үйлерді аралап, ескерту жұмыстарын жүргізеді. Қылмыстың жоқтығы, келеңсіз жәйттердің болмауы – алдын алудың жемісі деп айтуға болады", – дейді Ержан Қасқұлақов.
Полиция аға лейтенанты Жамбыл Қайыров Теңдік ауылының учаскелік инспекторы болып 2021 жылы тағайындалған. 1996 жылы туған офицер – осы өңірдің тумасы. Бұрын жол-патрульдік полициясында қызмет атқарған. Енді ауыл азаматтарының игілігі үшін еңбек етуде.
"Ауылда қылмыс болмағанымен жұмыс жетерлік. Тұрғындармен үнемі әңгімелесіп, қал-жағдайларын біліп тұрамын. Дүкендердің арақ-шарап сатуға рұқсатнамасы бар, бірақ мұны өздері қолдамайды. Өйткені, сұраныс жоқ, – дейді учаскелік полиция инспекторы.
Аға буынның оң әрекетінен үлгі алған мектеп оқушыларының арасында да тәртібі бойынша есепте тұрғандар жоқ. Барлығы дерлік спортпен шұғылданады.
"Балаларымыз ұлттық спорт түрлеріне бейім. Тоғызқұмалақ, қазақ күресі, бес асық, асық ату ойындарынан облыстық сайыстардың жеңімпаздары бар. 2018 жылы мектеп жанынан демеушіміз (жеке кәсіпкер) қаражат бөліп, спорттық алаң салып берді. Ауылымызды Тайынша ауданындағы іргесі сөгілмеген елді мекендердің бірі деп атауға болады, – дейдіТеңдік орта мектебінің директоры Сейтжан Шаймерденов.
Бірлігі жарасқан осындай екінші ауыл – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Бұлақ ауылдық округінің құрамына кіретін Қарағай ауылы.
Мұнда да жергілікті жұрт ішімдіктен бас тартқан. Тұрғындардың басым бөлігі зейнеткерлер мен орта буынды адамдар. Жастар уақыттарының негізгі бөлігін қалада, яғни оқуда өткізеді. Ал мектеп жасындағы балалар Бұлақ ауылындағы орта мектепте оқиды. Олар тегін тамақпен және оқу ошағына тасымалдайтын көлікпен қамтылған.
"Тұрғындар егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдың атмосферасы өте тамаша. Бізде ішімдік сатылмайды. Соның арқасында ешқандай қылмыс тіркелмеген. Ауылда ақсақалдар алқасы бар. Олармен үнемі ақылдасып, кеңес алып отырамыз", – дейді Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаев.
Ауылдың учаскелік инспекторы Қанат Жанғарин Қарағайдан бөлек Ақтас, Бұлақ сынды екі ауылға жауап береді. Полиция подполковнигі ішкі істер органдарында 2001 жылдан бастап қызмет етеді. Ал учаскелік инспектор қызметіне 2018 жылы кіріскен.
"Ауылдардың аралары 5-7 шақырым. Қатты алыс емес. Ауданнан 65 шақырым жерде орналасқан. Қарағай ауылында халықпен қарым-қатынас өте жақсы. Үйлерді жиі аралап тұрамын. Әкіммен, ақсақалдар алқасымен тығыз жұмыс істейміз. Үш ауылда да менде WhatsApp чат бар. Әрбір ауылдан 60-70 адамнан тіркелген. Тұрғындарға қажетті ақпараттарды сонда жіберіп отырамын. Онымен қоса интернет және телефон-алаяқтарынан қалай сақтануға болатыны туралы буклеттер жіберемін", – дейді полицей.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998295-sqo-da-isimdikten-bas-tartqan-eki-auyldyn-bugingi-tirsiligi-qandai-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.