Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ең кішісі төрт жаста": Кентауда өзі тұрмыс құрмаған кәсіпкер әйел 18 баланы асырап алды

Опубликовано:

Түймегүл Ергешқызы
Түймегүл Ергешқызы. Скриншот: "Түркістан" арнасы

Кентау қаласында 18 баланы бауырына басқан ана тұрады. Түймегүл Ергешқызы жас кезінде бауырларын жетілдіремін деп жүріп, өзі тұрмыс құрмай қалған. Осыдан 24 жыл бұрын тұңғышын қолына алған ананың қазір, ең кенжесі 4 жаста, - деп хабарлайды Түркістан арнасы.

Түймегүл Ергешқызы алғашқы қызын 33 жасында асырап алыпты. Кейін 18 баланы асырап аламын деген ой Түймегүлдің ойында әсте болмаған. Десе де, бәрі Алланың қалауымен орындалды. Қазір перзенттерінің алды аяқтанып, үйлі болған. Екі қызын тұрмысқа беріп, екі ұлын үйлендіріп, олардан немере сүйіп отыр.

"Кентау қаласына 1988 жылы жұмыс бабымен келдім. 1998 жылы өзіме арман, мақсат қойып, тұңғыш қызымды бауырыма бастым. Қазір 18 баланы қолыма алып, көпбалалы ана атанған жайым бар", - дейді Түймегүл Ергешқызы.

Өзі көпбалалы отбасында өскен ана бала тәрбиелеудің оңай еместігін жасырмайды. Бастапқы кезде анасы көмектессе, қазір үлкендері кішілеріне қамқор болып жүр. Бірі сабағын оқытса, енді бірі үй шаруасына қолғанат атанған.

Кентаудағы кең жүректі анаға мемлекет тарапынан жеңілдік қарастырылмаған. Тек патронатты ана екенін дәлелдейтін құжат қана берілген.

"Мұндай шешімге келуіме анам көмектесті. Ол өте мейірімді жан еді", - дейді көпбалалы ана.

Еңбекке ерте араласқан Түймегүл Ергешқызы қазір кәсібін дөңгелетіп отыр. Алдағы уақытта наубайхана ашып, тағы да бала асырап алуды мақсат еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999285-en-kisisi-tort-zasta-kentauda-ozi-turmys-qurmagan-kasipker-aiel-18-balany-asyrap-aldy/

pixel