Магистратураға құжат қабылдау қашан басталады
Жарияланған күні:
6 желтоқсанда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталады. Ол 12 желтоқсанға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.
Тестілеу орталығының мәліметінше, барлығы 8 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырған. Олардың 40 пайызға жуығы шекті балл жинаса, орташа көрсеткіш – 69 баллды құраған, ал ең жоғары балл – 127.
"Кешенді тестілеу өткізу барысында 80 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 32 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 48 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды", – делінген хабарламада.
Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде берілетіні айтылған.
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 6-12 желтоқсан аралығында ЖОО-дың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттар құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.
"Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсетеді. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 15-25 желтоқсан аралығында өтеді. Магистратураға түсушілер 4 мыңға жуық мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады", – деп хабарлады ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999970-magistraturaga-quzat-qabyldau-qasan-bastalady/