Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жылусыз қалған екібастұздықтарға ауыл жастары мал сойып, тегін тамақ таратты (видео)

Жарияланған күні:

Екібастұз
Екібастұз халқына көмек. Видеодан кадр: Аңсаған Әкежановтың жеке мұрағатынан

Павлодар облысы Жаңатілек ауылының жастары бірнеше күннен бері жылусыз отырған Екібастұз қаласының тұрғындары мен апат салдарын жоюмен айналысып жүрген жұмысшыларды тамақтандырды. Ауыл азаматтары екібастұздықтарға арнайы ірі қара мал сойып, азық-түлік таратқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылының тұрғындарының сөзінше, бұл игі іс - ауыл азаматтарының ортақ бастамасы.

"Өзіміз ауылда жиналып, келісіп, бір қара мал, бір қой сойдық. Зардап шеккен шағынаудан тұрғындарына аулада қуырдақ пісірдік. Біз барған шағынауданда үйлердің көпшілігі бос тұр екен. Біраз адам үйлерінен кетіп қалған. Тек әр подъезде екі үш адам қалған, олар үйінде ұрлықтың алдын алу үшін күзетіп жүр екен. Сол жандарды тамақтандырдық.

Сосын үйінде жалғыз қалған аяғынан жүре алмайтын әже бар екен, ол кісіге де ыстық тамақ апарып бердік. Одан бөлек, сол жерде апат салдарын жоюмен жүрген 100-ге жуық жұмысшыны ауқаттандырдық. Осы ретте ірі қара малды ұсынған Есімтай Есжанов және Данияр Тұманбаев сынды ауылымыздың азаматтарын атап өтпеске болмас ", - дейді қайырымды істі ұйымдастырушылардың бірі Аңсаған Әкежанов.

Екібастұз
Екібастұзға көмек. Видеодан кадр: Аңсаған Әкежановтың жеке мұрағатынан

Аңсағанның сөзінше, кеше жаңатілектік жастардың ұйымдастыруымен 300-ден астам ыстық тамақ салынған контейнер таратылған. Олар алдағы күндері тағы да бір мал сойып, суықтан зардап шегіп отырған қалаға жеткізіп бермек.

Ауыл азаматтарының айтуынша, биыл ауылда жаңа мешіт салынған. Сол мешіт қорынан бөлінген ақшаға ыстық тамақтан бөлек, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға азық-түлік таратылған.

Айта кету керек, Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылы - елімізде ішімдік сатудан бас тартқан алғашқы ауылдардың бірі.

Еске сала кетсек, 27 қарашада сағат түнгі 01:20 шамасында Екібастұз ЖЭО-дағы бір қазандық, кейін желілік суды көп тұтынуға байланысты тағы үшеуі істен шығып, салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалған болатын. Келесі күні қалада төтенше жағдай жарияланды.

Төтенше жағдай салдарын жою әлі жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000135-zylusyz-qalgan-ekibastuzdyqtarga-auyl-zastary-mal-soiyp-tegin-tamaq-taratty-video/